МӘДЕНИ АСТАНАҒА ЖАБАЙЫЛЫҚ ЖАРАСПАЙДЫ

Шымкент үшінші мегаполис, ТМД елдерінің мәдени астанасы атанғанымен қала тұрғындары «жабайы» іс-әрекеттерімен 13 облысты таң қалдырып келеді. Осы тегін деген сөзді ести қалса, біздің шымкенттіктер ішкен асын жерге қоярға бар. Бірер жыл бұрын тегін жұмыртқа үшін жаға жыртысқанды көргенде жағамызды ұстаған едік. Міне күні кеше тағы да шымкенттіктер тегін кілемге таласты. “500 кілемді тегін таратамыз” деп жарнама таратқан дүкенге жиналған мыңнан астам адам бір-бірін жаншып кете жаздады. Ал дүкен басшылығы шулаған-улаған шымкенттіктердің дау-дамайынан кейін басы бәлеге қалды.

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде тараған осы жарнамадан соң жұрт кілем орталығына ағылған. Тегін дүниеден дәмелілер Шымкенттен ғана емес, Сарыағаш, Кентау мен Түркістаннан асыға жетіпті. Алғашқылары түнгі сағат 2-де келсе, таңғы сағат 8-ге қарай келушілер саны мыңнан асып жығылған. Алайда жиналғандардың санынан шошынған орталық ашылудан бас тартты. Келушілер саны тым көбейіп, дүкеннің алдындағы кең алаңда ине шаншар орын қалмаған. Артынан келушілерді полицейлер темір тордың артында әзер ұстап тұр. Ашуға булыққандар уәде етілген сыйды алмайынша, кетпеуге бекінген. Еңкейген кәріден бастап нәрестелі аналар да тегін кілем алып олжалы болуға жиналған. Өйткені акцияны ұйымдастырушылар сыйлық ең алдымен зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ мұқтаж жандарға беріледі деп сендірген.

Қара құрым халықты көріп шошынған кәсіпкер дүкенін ашудан бас тартып, өзі әзер қашып құтылған. Жарнамаға алданып, ашуға булыққан жұртты полиция тәртіпке шақырды. Аудан әкімі келіп, жұртты үйлеріне қайтуға үгіттеді. Десе де, жиі топ бастап көтерілуге әбден машықтанған біздің әйелдер қауымы оңайлықпен үйлеріне тарай қоймады. Айқай-ға басып, әдеттегі қойылымдарын көрсетті. Ал «Біз мұқтаж жанбыз!» деп айқайға басқан әйелдерге қарасаң, қымбат тон, бағалы бас киім. Әйтеуір жұпыны киінген жанды көрмейсің.

Қаламыздағы осы көріністі көріп  намысын келеді. Халықтың араны ашылған. Ашыққаннан құныққан жаманның кері келгендей. Тегін дүниеге таласуға құмбылмыз. Әйтеуір айқайымды естісе, арманымдағын береді деген түсінік қалыптасқандай. Қит етсе, ерлер қауымы да көкпарға жүйрік тұлпарын қосқандай, әйелдерін дауға жіберіп қойып үйде теледидар қарайды.

Кілем дүкенінің иелері осындай акцияны бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қаласында да өткізген. Бірақ мұндай дүрбелең, шу болмаған. Әйтеуір, не шықса да Шымкенттен шығады. Әрине, намысқа тиеді, әйтсе де мегаполисте орын алған сорақылықтарды көргенде еріксіз мойындауға тура келеді. Енді санитарлық талаптарды бұзғаны үшін дүкен қожайындары 700 мың теңге айыппұл төлейді. Сөйтіп мәдени іс-шара мәдениетсіздеу аяқталды.

Ұ.ӨСКЕН.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.