МАҚТА МАШАҚАТЫ: БИЫЛҒЫ БАҒА ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Түркістан облысы бойынша биыл 125,8 мың гектар жерге егілген мақта дақылынан 331 мың тонна шитті мақта жинау жоспарланған. Облыста мақта өсірумен 25 мыңнан астам шаруа айналысады және егістік жерлер мақта өсіруге бейімделіп, шаруалар озық тәжірибе қолдану нәтижесінде мол өнімге қол жеткізуде. Қазіргі таңда Жетісай, Мақтаарал аудандары мен Кентау қаласында мақта терім науқаны басталды. Өнімділігі гектарына 25 центнерден болып отыр.

Мақта терімін алғашқылардың бірі болып бастаған Жетісай ауданы Талапты ауылындағы «Алтын» шаруа қожалығы өз иелігіндегі 15 гектар аумақтың 5 гектарынан арнайы терім машинасымен 11 тоннадай мақта жинады. Қожалық төрағасы Қуанышбек Ауашов мақта жинауды ертерек бастау өнімді жерде қалдырмай, толық жинап алуға септігін тигізетінін айтады.

Былтыр Жетісай ауданы бойынша 46 655 мың гектарға мақта егіліп, одан 122 мың тонна өнім алынған болатын. Биыл мақта алқабы 48 943, 8 мың

гектар бол­ған, ал одан шамамен 125 мың тонна өнім жинау болжанып отыр.

«Ынтымақ ауылдық округінің жалпы жер көлемі 6 683,5 гектарды құрайды. Оның ішінде 4 664 гектарына мақта егілген. Биылғы меже – өнімді жерде қалдырмай толық жинап алу. Бұйырса, мол өнім аламыз деп отырмыз. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың тапсырмасына сәйкес округте 20 комбайн мақта терімі науқанына дайын», дейді ауыл әкімі Марат Жұрқабаев.

Ауыл шаруашылығы тауарын өн­дірушілерге, соның ішінде мақта шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетіліп жатқанын айта кетелік. Мысалы, күзгі дала жұмыстарын жүргізуге 39,2 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, агроқұрылымдарға бір литрі 161-163 теңге көлемінде босатылуда. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, қолда бар 457 мақта теретін комбайнның 92%-ы науқанға дайын.

Ал мақта жинау науқанына зауыттардың дайындығы қалай? Мырзашөл өңіріндегі ең ірі зауыт­тардың бірі саналатын «Мырзакент мақта зауыты»  елімізді мақта талшығымен қамтамасыз етіп, өз өнімін шетелге де экспорттауда. Мақтаарал ауданымен қатар көр­шілес Жетісай, Шардара, Келес, Сарыағаш аудандарының да мақтасын қабылдап, өңдейтін зауыт жыл сайын бірнеше мыңдаған шаруа қожалығына егіс науқаны кезінде техникадан да жәрдем беріп келеді. Егетін шитті тұқымына дейін дайындайды. Алып кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жоғары, заманауи жаңа қондырғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда кәсіпорын жұмысшылары мен қызметкерлері зауыттың Мақтаарал ауданындағы – 14, Жетісай ауданындағы – 12 және Шардара ауданындағы 6 мақта қабылдау бекеттерінде өнім қабылдауға дайын отыр. Зауыт жанындағы мақта қабылдау бекетіндегі қырманға мақта үйетін 10 транспортер мен мақта жинайтын 11 қондырғы жөндеуден өткізілген. Ал мақта қабылдайтын аймақ әктеліп, сырланып тазартылған. Сондай-ақ мақта таситын «МТЗ-80» маркалы 29 трактор мен оған арналған тіркемелер жөнделген.

Кәсіпорын басшылығы биыл 50 мың тонна «ақ алтын» қабылдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ көктемде Шардара ауданында жобалық қуаты жылына 50 мың тонна болатын, жалпы құны 5 475 млн. теңгені құрайтын «International Company of Cotton» ЖШС мақта өңдеу зауыты іске қосылған болатын. Кәсіпорын бір жыл ішінде мақта талшығына 144 мың тонна мақта өңдей алады. 47 мың тонна мақта талшығы өнімдерін Қытайға, Сингапурға және Өзбекстанға экспорттамақ.

 Айдын СӘТЖАН.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.