МЕДИЦИНА ТАРИХЫНДАҒЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР
* Ең жоғары дене қызуы 1980 жылы АҚШ-тағы Атланта тұрғыны Вилли Джонс есімді науқаста тіркелген. Оның температурасы 46,7 градусқа дейін көтеріліп, жүрек талмасына ұшыраған. Бірақ, 24 сағаттан кейін ол қалпына келіп, ауруханадан шыққан.
* Ең төменгі температура – минус 16 градус 1951 жылы чикаголық Дороти Стивенс есімді қызда тіркелген. 2 жасар қыз мұндай халге қатты суықтау нәтижесінде түскен. Бірақ, ол да жазылып шыққан.
* Адам денесінің шыдай алатын ең жоғары температурасы – 204,4 градус болып тіркелген. Ал шын мәнінде, 168 градуста етті қуырып жеуге болады.
* Науқастың өтінен алынған ең көп тастың саны – 831. 2002 жылы румыниялық дәрігерлер осындай медициналық рекорд орнатқан.
* 25 жылға созылған ең ұзақ жүктілік 1961 жылы тіркелген. 54 жастағы әйелге ота жасағанда ішінен тас болып қатып қалған салмағы 1 кг 300 грамдық нәрестенің мәйіті алынған. Әйелдің толғағы 1936 жылы басталған.
* 1983 жылы көз жұмған әйелдің құрсағындағы сәби 3 ай бойы арнайы аппараттардың көмегімен өсіп-жетіліп, уақыты келгенде анасының өлі денесінен аман-есен жарыққа шыққан.
* Жаңа Гвинеядағы куру деп аталатын тайпаның адамдарына ғана тән дерт түрі бар. Адам етін жейтін бұл тайпадағылар бас миын жегеннен кейін айықпас дертке шалдығып, көз жұмады. Оның емі жоқ.
* Іші бүріп ауырып тұрғанын айтып, дәрігерге жүгінген 42 жастағы әйелдің асқазанынан ота жолымен 2533 зат алынған. Оның 1000-ға жуығы – түйрегіш. Сөйтсе, науқастың кішкентай заттарды жұтатын әдеті бар екен.
* К. Килнер есімді Зимбабве тұрғыны өзінің 21 жасына дейін 600 мың түйір дәрі ішкен. Бұл – ең жоғарғы көрсеткіш.
* Ұлыбританиялық Сэмюэл Дэвидсонға өмір бойына 79 мың инсулин екпесі жасалған. Қант диабетіне шалдыққандар арасында бұл – рекорд.
* Ең ұзақ қатерлі ісікті кесіп алып тастау отасы 96 сағатқа созылған. Нәтижесінде салмағы 280 келі тартатын науқас отадан кейін 140 келіге түсіп қалған.
* Норвегиялық балықшы қыста суға құлап, дене температурасы 24 градусқа түсіп кеткен. Жүрегі 4 сағат бойы тоқтап тұрған балықшының өмірінен күдер үзбеген дәрігерлер оны жасанды қан айналдыру аппаратына қосып, аман алып қалған.
* Американдық Дэвид Перли 1977 жылы сағатына 173 шақырым жылдамдықпен жүйіткіп бара жатқан көлігімен апатқа ұшырап, сүйегі 29 жерінен сынған, үш жерінен буыны тайған, ота кезінде алты рет жүрегі тоқтап қалған, бірақ түбінде өлімді жеңіп шыққан.