«Не шықса да Шымкенттен шығадыға «конец» бола ма, өзі?

Осы сөзді есіткенде жарылардай намыстанасың. Ал, қалада орын алатын сорақылықты көрегенде өмір шындығын еріксіз мойындайсың.

Қараңыз, қала мектебінің бастауыш сынып оқушыларын Жаңа жылдың жасыл шыршасының тамашасын көруге 300-ден 500-ге дейін теңге жинау науқаны басталып кетті. Мектептердің көбінде 1000-нан астам бастауыш сынып оқушылары бар. Баласының жүзін төмен қылмай, барлық ата-ана ақша береді. Ақша бастауыш сыныптар «завучының» қолына жиналады. Ол циркпен, «Фирканмен» бір күнде екі мезгілде 3-4 сағаттан ойын көрсетіп беруге келіседі. Бүлдіршіндердің «елкадағы» қызығына осы жерде нүкте қойылады.

Ата-ана бала сөзін жерге қалдырмай, 8-9 мыңнан кем емес бағаға «новогодный костюм» әпереді. Елка өтетін күні бүлдіршіндер мәз болып, «костюмдерін» киіп мектепке барады. Сынып мұғалімі оқушыларын «Елка» қойылған спортзалға кіргізіп, «военный частың» солдаттарындай екі қатар етіп сапқа тұрғызып қояды. Олардың қозғалмай тұруы қатаң бақыланып, сайқымазақтар өз ойынын бастайды. Ең кемі 1-1,5 сағаттан астам қалшиып тұрған бүлдіршіндерді сынып апайлары алып шығып кетеді де, сынып бөлмесінде тұрған «подаркілерін» қолдарына ұстатып, мектептен шығарып жіберді. Қаншама күндер қиялдаумен  көздерін ілмей, қалай билейтінін, жаттаған тақпағын қалай айтатынын ойлап, мәз болған қуаныштары су сепкендей басылады.

Көптен күтіп, барынша дайындалып, «сүйікті» мектебіне мәз болып келіп, жылармандай болып қайтқан бүлдіршіндердің жан дүниесін түсінбеген «апайларды» – ұлағатты ұстаз дей аламыз ба?

Бүлдіршіндердің бір қызығын дұрыстап өткізуге басшылық жасай алмайтын мектеп басшысы кімге керек? Балалық шағындағы ең қызыққа толы мерекесі – Жаңа жыл шыршасының қуанышын «Шымкентшелеудің» сиқы осындай болып тұр.

Біздің редакция осыдан екі жыл бұрын Абай ауданы мектептерінде осындай келеңсіздік орын алғанын көтерді. Сол кездегі қалалық білім бөлімі басшысы, нағыз елжанды қыз Ж.Тәжиеваның балалардың бір тиынын қалдырмай қайтарқызып бергенінің куәсі болып еді. Мектеп мұғалімдері амалсыз бүлдіршіндердің жасыл шырша жанындағы ойындарын өткізіп беріп еді. Енді міне, оның бәрі ұмыт болып, бүлдіршіндердің «сүйікті» мектебің «елкасын» көруге ақша төлеу тағы да шықты.

Себеп, ақша жинатқан «завуч» бармағын жалайтыны» сөзсіз. «Циркачтарға» әр баладан алған ақшанын жартысын төлесе де жетіп жатыр. Олар соның өзіне қуана-қуана келіседі. Балалардың тиын тебенінен мектеп директоры да «жалап» қалатын шығар. Болмаса, мектеп мұғалімдерінен тәрбиелік мәнді, білдіршіндердің өздері қатысатын қызықты іс-шара өткізуді талап етпейді, неге!

Еліміздің тарихында болмаған бүлдіршіндердің «сүйікті» мектебінің «елкасын» тамашалауға ақша төлеуді «Не шықса да Шымкенттен шығады» еткенге ешкімнің де намыстанбағаны ма, сонда? Білім бөлімі басшысы Ақерке Абылайхан ай қарап отыр ма, сонда?

Ә.Мұратбеков  

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.