Ө.ШӨКЕЕВ: «ЕЛБАСЫМЫЗДЫҢ ТАПСЫРМАСЫ ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ДАМУЫНА ТІКЕЛЕЙ СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ»
Бүгін Түркістан қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген тапсырмаларын орындау бойынша партияның облыстық филиалының актив мәжілісі өтті. Мәжіліске өңірдегі партия филиалының өкілдері, басқарма басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысып, елдің әлеуетін көтеру бағытында пікір алмасты. Жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытындағы жұмысты жүйелеуді тапсырды.
«Он жылдай уақыт салып өздеріңізбен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Түркістанды дамыту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Біз сол жұмыстарды жалғастырып қана қоймай, қарқынын арттырамыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып бағытындағы тапсырмалары Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Себебі облысымыз көпбалалы аналар саны бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр. Әр балаға 21 мың теңге көлемінде жәрдемақы берілуі жерлестерімізге оң ықпалын тигізетіні сөзсіз. Біз осы әлеуметтік көмектің берілу шарты мен мерзімі толық жүйеленгенше облыста әлеуметтік зерттеу жүргізіп, көмекке мұқтаж отбасыларды анықтауымыз керек. Әрбір аудан, қала әкімдері өздері басқаратын аумақтағы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды анықтасын. Сол тұрғындарды көмекпен және жұмыспен қамту шаралары күшейтілсін. Жұмыс тобына «Нұр Отан» партиясының өкілдері де кіріп, тізімнің әділ жасалуын қадағалауы қажет. Тұрғындар әлеуметтік көмек алу үшін мекемелердің табалдырығын тоздырмай, жәрдемақыны уақтылы алуы тиіс», – деді Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен бірге өңір басшысы бюджеттік мекемелердегі ең төменгі жалақы алатын жұмысшылардың саны мен оларға жұмсалатын қаржыны толық есептеу жөнінде тапсырма берді. Жергілікті атқарушы органдарда қызмет ететін мамандардың жалақысын көтеру үшін ұйымдардың шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу шаралары атқарылып, факторлы-балл шкаласы жүйесі енгізілетінін айтты.
Сондай-ақ көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту, төмен пайызбен баспана беру бағытында жұмыстар жүйеленеді. Өңірдегі құрылыс жұмыстарына отандық материалдар қолданылып, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы да бақылауда болады.
«Әрбір аудан-қаланың даму тұжырымдамасы қайтадан жүйеленсін. Облыстағы газдандыру, ауыз сумен қамту, инфрақұрылым салалары бойынша атқарылатын істерді тікелей қадағалап, елдің әлеуетін көтеретін жұмыстармен тікелей айналысатын боламын. Елбасымыз ұсынған «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» жобалары бойынша да нақты әрі сапалы ұсыныстар қажет. Атаулы әлеуметтік көмектермен мәселе шешілмейді. Біз сол үшін облыстың барлық аумағында жұмыс орындарын ашуға күш салуға міндеттіміз. Бұл жұмыстардың басы-қасында «Нұр Отан» партиясы да жүреді», – деген Өмірзақ Шөкеев көпшілікті бірлесе жұмыс істеуге шақырды.