Өктемдік өкпегі өксіткен өмір

Қазақтың қасіретті тарихы – ең қымбат қазынамыз. Біз сол талайлы тарихтан тағылым алған егемен елміз. Сөйтсе де, Кеңестік Қазақстан кезіндегі, саяси репрессия тұсындағы түйткілдер түгел тарқатылды, зобалаң жылдар зардабының шертілмеген шындығы, ашылмаған архив беттері қалмады деп те нық сеніммен айта алмаймыз. Өйткені, өзгені айтпағанда, өз өлкемізде де өнегелі өмір жолы жабылған жаламен халық жадынан әдейі өшірілген жампоздар жетерлік.

37-нің ойранында оққа байланбаса да, он жылын айдауда өткізген асылдың сынығының бірі Апбас Қаламбаев еді. Теріскейдің текті перзенті 1900 жылы Созақ ауданы, Үлкен Шу болысындағы 12-ауылда (қазіргі «Ынтымақ» ауылы, кейбір архив құжаттарында «Талапты» ауылы деп те көрсетіліп жүр) дүниеге келіпті. Алаш мұратына адал Апбас алғашында ауыл молдасынан хат танып, 1921-1923 жылдары Түркістандағы орыс-қазақ мектебінде оқыған екен. Елге оралған естияр жігіт қара жұмыстан да қашпай, біршама уақыт ата кәсіпті қолға алып, қой да бағыпты. Ал 1928-1929 жылдары ол осы 12-ауылда ауылдық кеңестің төрағасы қызметінде болса, 1929-1930 жылдары Түркістанда Ордомның инспекторы болды. Кейіннен Алматыда заңгерлер дайындайтын курста оқып, 1935 жылға дейін Оңтүстік Қазақстан облысы прокуратурасының іргесін қалауға көп еңбек сіңірді. Прокурор көмекшісі қызметін де табысты атқарды. Неге екені белгісіз, араға біраз уақыт салып Алматы облысы Мақаншы ауданына сақтық кассасының меңгерушісі болып ауыстырылып, Қарғалы сайлау учаскесінің төрағасы лауазымында жүріп те жұрт сөзін сөйледі. Ел қамын жеді.

Ал 1937 жылдың ызғарлы желтоқсанында жұрт ішінен жау іздеп жалаңдаған НКВД-ның Бахты шекара отряды Апбасты да ақ-қарасын айырып жатпай, абақтыға тығып, үй-мүлкін тәркілеп, жанұясын қаңғыртып жібереді.

Сол бір қаралы кездің қасіретін Апбас Қаламбаев обком хатшысы В. Колебаевтың «партиядан шығарылу себебін сұраған» хатына берген жауабында қысқаша былай жеткізеді:

«…Сіздің 5.ІХ.1956 жылы маған жіберген сұранысыңызға орай кезінде партия қатарынан шеттетілуіме байланысты айтарым аса көп емес. Тұтқындалғанға дейін Алматы облысы Мақаншы аудандық партия комитетінде есепте тұрғанмын. Партиядан мені ешкім де жиналысқа салып, пәрмен беріп шығарған емес. Тек 1937 жылдың қарашасында қолыма кісен салғандар партбилетімді күштеп тартып алып жатқанда ғана бұл ұйымнан біржола аласталғанымды сездім. Мені 1938 жылы Алматы облыстық сотының көшпелі сессиясы кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығымнан айырды. Содан әділдік сұрап, темір тордың ар жағынан талай басшыға арыз жаздым. Қыр қазағына тән аңғалдық па, әлде ақырын болжап білмес амалсыздықтан ба, білмеймін, сол өтініштермен бірге өз жеке құжаттарымның көшірмесін ғана жолдамай, түпнұсқасын тапсырып жіберіппін. Содан бері әуре-сарсаңды әбден көрдім. Құжатым да қайта қолыма тимеді, арызыма да адам екен деп жауап қатқан жан болмады. Жартасқа барып айғай салсаң да жаңғырық шығады емес пе? Тым-тырыс. Жым-жырт. Бірақ бұл да мені жасыта қойған жоқ. Лагердегі лайықты еңбегім, түзу тәртібімнің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1947 жылдың 5 шілдесінде құдай оңдап, қамаудан босадым. Сол жылдан бері «Жуантөбе» колхозында жұрт қатарлы жұмыс істеп жатырмын».

Ал Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекеттік архивінде сақталған мұрағаттық анықтамада Апбастың мәселесін таңнан түске дейін қараған Алматы обкомының №46 кеңесі 1937 жылдың 2 желтоқсанында оны бірауыздан партиядан қуып, «халық жауы» Қаламбаевтың ісін НКВД-ға тапсырыпты. Бұдан шығатын байлам, «өте құпия» деген таңбасы бар бәзбір құжаттар да ақиқатқа айғақ бола алмайды екен. Себебі, Қаламбаевтың өз қолымен жазылған қыруар өтініш-шағымының ешқайсысында да жоғарыдағы жиналыс жайлы бір ауыз сөз жоқ. Шындығында Апбас бұл қуғынға бір өзі ұшырамапты. Тағы да құжатқа жүгінсек, 1938 жылдың 19-20 мамырында Қаратал ауылдық кеңесінің тумасы Рахметжанов Сапарғали, Шығыс Қазақстанның Мақаншы ауданында инструктор қызметін атқарған Аманжолов Сіргебай, Апбас Қаламбаев үшеуі контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның аудандық жасырын ұясында жиі бас қосып, Кеңес үкіметіне қасақана қарсы шығып, Қазақстанды бөліп алып, бөлек мемлекет құруды көксеушілермен мұраттас болыпты-мыс. Коммунизм таңын күткен колхоздарды жаппай құлатып, кедейлер құрған Кеңес үкіметін ішінен күйретуді көп жылдан бері жоспарлаған «жаулар» ауыр кінәсін толық мойындап, қол қойып, «құлдық ұрғасын» «әділ» сот та тым созбай қаскүнем Қаламбаевты 10 жылға, райынан қайтып, рақымшылық сұраған Рахметжановты 20 жылға, бар айыбы мойнына қойылған Аманжоловты 25 жылға соттап жібере салады.

Былайша айтқанда, бір адамның жеке текті құжаттарының өзінің бір-біріне қайшы келетін тұсы өте көп. Себебі 1958 жылдың 11 шілдесіндегі ақтау туралы анықтамада айдауға үкім кесілген әлгі үшеуінің де бастапқыда ешбір айыпты мойындамағанын, Айғожинов, Хасенов, Оразғожинов секілді куәгерсымақтардың жазбасынан жаланың иісі аңқитынын, тіпті үшеуінің бір-бірімен беттестіріліп, терең тергелмегенін де ескеріп, жазықсыз жазаланғандары үшін толық ақтауға жатады деп қол қойылыпты.

Осылайша РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-7, 58-11-баптарымен кінәлі деп танылып, 10 жылға сотты болған Қаламбаев Хабаров өлкесінің Магадан облысындағы еңбекпен түзеу лагеріне жазасын өтеуге жіберіледі. Айдаудағы азапты екі жылын алғашында қара жұмысшы болып ауыр бейнетке жегіліп өткізсе, одан кейінгі екі жылда тау қопарушы болып тер төгеді де, 1940-1947 жылдар аралығын жол жөндеу жұмыстарында құрылысшы болып өткереді.

«Әр қасіреттің соңында қуаныш бар» деп қолындағы қайласы қарын талдырса да тағдырмен тіресуін қоймаған Қаламбаев кенеттен ауыр дертке душар болады. Бірде бостандықтан басыбүтін күдер үзген тұтқындарды тиеген жүк көлігі Анадырь – Колыма аралығындағы тастақ жолмен жүйткіп келе жатқанда абайсызда аударылып кетіп, Апбас ауыр жарақаттанады. Дені дұрыс дәрігері де жоқ, дәрі-дәрмегі де тапшы тайгадағы түрмеде Қаламбаевтың денсаулығы күрт нашарлап, халі де күннен-күнге мүшкіл тарта бастапты. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады емес пе, қамауға алынған соң-ақ күйеуінен күдер үзген келіншегі кішкентай бөпесін бауырына басып, аш-жалаңаш күйде жаяулатып, жүздеген шақырымды артқа тастап, елге әрең аяқ іліктіріпті. Бірақ қақаған қыста жұқа киіммен ит арқасы қиянға сүлдерін сүйретіп зорға жеткен қос құрбан сүйегінен өткен суықтан ақыры сырқат меңдеп, ағайын-туғанның көз алдында қыршын кетіпті. Әрине, бұл сұмдықтан қайғы-қасіреті қара басына жетіп артылатын Қаламбаев мүлде бейхабар еді. Татар дәмі таусылуға таяғасын «Мен «халық жауы» емеспін. Маған тағылған айып қате. Ісім қайта қаралсын» деп қозғалудың өзі мұң болып жатса да қолынан қаламын тастамай, жоғарыға жиі арызданады. Алайда, ол арыздан да түк шықпайды. Күн артынан күн өтіп, айлар жылға ұласқанда да жауап келе қоймапты. Ақыры төзімі түгесіп, шыдамы шегіне жеткен Апбас «Өзекті жанға бір өлім» деп, амалсыздан аштық жариялайды. Алты күн бойы нәр татпай, жарасы жанын жегідей жеп жатса да жақсылықтан үміт үзбейді. Жетінші күн дегенде, бәлкім, «жанайқайы» Жаратқанның құлағына шалынды ма екен, жүзі жылы бір тергеуші түрме табалдырығын аттапты. Аштықтан аяқ-қолы күп болып ісіп, жарақаты қоса қинаған Апбасты абақты күзетшілері тергеу бөлмесіне зембілмен алып келгенімен, есікке сыйғыза алмай біраз әуреге түседі. Көз алдында шөгіп бара жатқан атпал азаматты ажалға қимаған тәуір тергеуші істі қайта қарағанда ілік іздемей, айыптының арыздарын негізге ала отырып, онымен қоса қамалған тоғыз тұтқынның да түрмеден түгел босатылуына сеп болады.

Қуаныштары қойнына сыймаған он тұтқын түрмеден шыққанына тәубе деп, азықсыз һәм ақшасыз Сібірдің мүлгіген қалың ормандарындағы қара жолмен жаяулатып елге аттанады. Алтауы жол азабына шыдамай, ажал алқымдап, арманда кетеді. Жолай үзілген жолдастарын иесіз иен далада жылап отырып жер қойнына берген төртеуі итшілеп жүріп, Алматыға әйтеуір аман-есен жетіпті. Сан жылдан бері сағыныш санасын мүжіген Апбас та бөтен қаладағы ет жақын бауырларын сағаламақ болған. Бірақ, ел ішінде әлі үрейдің сейілмеген кезі. Төбеден түскендей тап болған бір туғанын үйіне кіргізіп, дәм таттыруға да сескенген туыстары көршілеріне білдірмей, азын-аулақ азық-түлік ғана беріп жолға салып жіберіпті. Тағдырдың бұйырғанын талғажау еткен Қаламбаев осылайша қаншама қиындықты артқа тастап, жер түбіндегі Түркістанға да жетеді. Көне қаладағы көкөніс базарында үсті-басы өрім-өрім болып, адам көргісіз халде жүрген жерінен Әмзе деген інісінің әйелі Үрім сыртынан танып қалып, жақын барып жолығуға да қорқып, көрген-білгенін дереу күйеуіне жеткізіпті.

Ол тұста Түркістандағы түрме бастығы қызметін атқарған Әмзе әділі керек, ағасынан сырт айналмай, жасырын түрде жылап жолығысып, жуындырып, киіндіріп, жол азығын да қамдап беріп, туған ауылына шығарып салады. Абақтыдан ауылға дейінгі азапты жолда жасымай, бар қиындықты жеңген жігерлі жанның мұнан кейінгі ғұмыр-баянын Дариға Апбасқызы Қаламбаева өз естелігінде былайша жеткізіпті:

«Бір таңданарлығы – мұрағаттан табылған дерекке сүйенсек, әкем КСРО азаматы екендігін дәлелдейтін паспортты 1955 жылы ғана иеленіпті. Оған дейін ондай құжаты атымен болмаған. Сонда қалай сотталып, қалай ақталып жүргені түсініксіз. Шамасы, сотталған кезде паспортын алып қойған да, ақталғанда жаңасы берілмеген.

«Тірі адам тіршілігін жасайды», елге келе салысымен өткеннің бәрін ұмытып, тек күн көріс қамын ойлауға бекінген. Жұмысты жапыра істеп, «Жуантөбе» кеңшарын құруға белсене атсалысқан. Мұндай азамат көзге түспей қалған ба, жұмысшылар комитетінің, ауылдық Кеңестің төрағалығына жоғарылатылады. Кеңшарға алғаш рет Өзбекстанның Бұхара, Самарқанд облыстарынан мал айдап келуге басшылық жасап, өзі шопандармен бірге жүрген. Жасы жетпіске келгенінше шаруашылықты өркендетуге, ел экономикасын көтеруге бар қажыр-қайратын жұмсады. Мемлекет алдындағы адал да жемісті қызметі үшін «Қызыл ту», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерлік еңбегі үшін. Владимир Ильич Лениннің туылғанына 100 жыл толуы құрметіне», «Қазақстанның 40 жылдығына» медальдарымен марапатталды. Қаншама қиындық көргенімен сүйегі асыл екен, 85 жыл ғұмыр кешіп, 1985 жылы дүниеден қайтты. Жергілікті әкімшілік қаралы митинг өткізіп, ауыл ардақтысын тұрғындар алдында арулап, жер қойнына берді.

Шыңырауға құласа да шындықтан күдер үзбеген, әлімжеттік көрсе де әділеттен үмітті болған ары таза Апбастың Хрушевке жазған сол хатында: «37-нің ойранында ойда жоқта істі болдым. Халыққа жау болатындай жамандығымды таппаса да, тыныш жатқан жұрттың ішінен «тыңшы» тапқан тергешілер 91 күн бойы жалғыз өзімді қараңғы қапасқа қамап, арымды да армансыз таптады, жаныма да өшпестей жара салды. Бәрібір болмаған істі мойныма алмадым. Бірақ, адамдықтан алыстаған азғындар айылын жия қоюшы ма еді, істелмеген қылмыстан ілік іздегендер ақиқат пен жалғанның ара жігін ажыратып жатпастан 10 жылға соттады да жіберді. Қайта басқа түссе баспақшыл деп, атылмағаныма қуандым. Бірақ осы күнге дейін он ойланып, жүз толғансам да не үшін сотталғаныма еш ақылым жетпеді. Әйтсе де, әділетсіздікпен түбіне дейін тірестім, ақырына дейін айқасып бақтым. Ия, 1947 жылы Алла жазып ауылға оралдым. Оралдым дегенім де оңды сөз емес. Кісінің бәрі күдікпен, кішінің бәрі күмәнмен қарады. Ары таза емес адамдай өз-өзімнен төменшіктей беретін жаман әдет таптым. Бұл бір менің ғана басымдағы жағдай емес шығар. Жазықсыз бола тұра жаутаңдап өмір сүруден өткен азап болмас, сірә. Мұндай ит өмірден ақ өлімнің өзі артық. Осылай шештім де, шешінген судан тайынбас деп тұп-тура Сталиннің өзіне де хат жазғанмын.

Күні бүгінге дейін бір ауыз жауап алмасам да, алған бетімнен қайту жоқ. Баскесер Берия мен есер Ежовтардың дәурені жүріп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып тұрған қайшылығы көп кезеңде істі болған көп кінәсіздің бірімін. Сондықтан сізден өтінерім, өкініші көп біраз өмірім зая кетсе де, партия алдында, ел алдында ақтығымды дәлелдеп, ел қатарлы еңсе тіктеп тірлік кешуіме көмек берсеңіздер екен деймін. Несін жасырамын, жұмыс барысында әлдекіммен сөзге келіп қалып, әлгілер ашумен «жаусың» деп қалса болды, жанымдағы бітеу жара қайта сыздап қоя береді. Қаншама түн кірпік қақпай, асқа да тәбетім тартпай, тамағыма тас тірелгендей тар бөлмеге қамалып алып тағдырыма лағнет жаудырғанымды да өзімнен басқа жан баласы білмес. Соңғы үмітім сізде. Қасіретті хатыма оң қабақпен қарап, жөндемді жауап бересіз деп үміттенемін»,- деген жолдар бар екен.

Бүгінде ел ардақтаған Апбаздың есімі Шымкенттегі «Қасірет» мемориалының тақтасына қашап жазылды. Міне, содан бері түнектен оралған есім ел құрметіне бөленіп, азаттық аспаны астында Қаламбаев көшесі кең қанат жайып келе жатыр. Яғни, Қаламбаев қасіретінің соңы қуанышқа ұласты десек те ұнасымды болар. Демек, Жуантөбеде жүріп-ақ жұртына жанашыр болған өмірі өнегелі жанның ғұмыр белесін байыппен зерделеу үдерісі  де жалғаса бермек.

Асан Үсіпов, 

Ғалым Қасымхан,

М.Әуезов атындағы ОҚУ, Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық орталығының аға оқытушылары.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.