ӨҢІР СПОРТЫН ӨРКЕНДЕТЕЙІК

Бүгінде Түркістан облысында өңір спортын өркендетуге барлық қолайлы  жағдай жасалған. Ел намысын бәрінен биік қойған сайыпқыран спортшыларымыз дүбірлі додаларда топ жарып, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, өңір спортын өрге сүйреп жүр. Аймақта спорттың мейлінше барлық түрін, салауатты өмір салтын жергілікті БАҚ ұдайы насихаттап келеді. Жаңа спорт нысандары да бой көтеруде. Мәселен қалада әлемдік стандарттарға сай, 1200 адамға лайықталған мұз айдыны келер жылы пайдалануға берілетін болса, әлемдік стандарттарға сай тениис орталығы тұрғызылып жатыр.

Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан заманауи спорттық нысанның құрылысы толықтай испаниялық жобаның үлгісімен жүзеге асуда. Жалпы аумағы 2,5 гектарды құрайтын нысанда жұмыстар қызу жүруде. Теннис орталығы 7 ашық теннис кортынан, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап ойын алаңы, балалар ойын алаңынан тұрады.

«Құрылыс барысында әр қадам маңызды. Әсіресе, сапаға салғырт қарауға жол бермеу керек. Жаңадан салынып жатқан барлық спорт нысандарына талап  осы. Халыққа ыңғайлы, сапасы мінсіз болуы тиіс.  Бұл жерде ертең  балаларымыз жаттығып, шынығады. Балаларды, жасөспірімдерді ерте жастан спортқа баулу арқылы біз келешек ұрпағымызды тәрбиелейміз»,-деген өңір басшысы сондай-ақ спорт кешендері бар есу каналының құрылыс алаңын да аралап көрді. Спорт кешендері бар ескек есу каналы халықаралық талаптарға сай олимпиадалық орталыққа айналады деген үміт басым. Бұл су спорты түрлерін дамытып, Түркістан қаласында жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге жол ашады. Халықаралық дәрежедегі ескек есу және байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық жастардың да қызығушылығын оятып, болашақ чемпиондар даярлайтын құтты ордаға айналса деген де тілегіміз бар.

Сонымен қатар облыста ұлттық спорт түрлерін дамыту да күн тәртібінен түскен емес. Мәселен биыл Алматы облысындағы Талғар ауданында ұлттық спорты түрлері теңге ілуден және жамбы атудан Қазақстан чемпионаты өтіп, республикалық жарыста Түркістан облысының спортшылары командалық есепте бас жүлдені иеленіп қайтты. Ел чемпионатына түркістандық Айкөз Ералхан жамбы атудан қатысып, жоғары дайындығының арқасында топ жарып, жеңімпаз спортшы Ғалымжан Ізжанов та жеңіс тұғырына көтерілді.

Айта кетерлігі, биыл жамбы атудан өткен ел біріншілігіне 16 облыстан кілең мықтылар күш сынасты. Күміс жүлдегер атанған жерлесіміз Айтбек Сарыбай жамбы атудан өзінің шеберлігін көрсетіп, көпті мойындатты.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін арнайы марапаттауға Парламент Мәжілісінің депутаты, ұлттық спорт жанашыры, ұлттық спорт түрлері қауымдастығы басшысы Б.Тілеухан да арнайы қатысты. Тарқата айтқанда, тартысты додада түркістандықтар командалық есепте бас жүлдені жеңіп алып, туған елге абыроймен оралды.

Қазіргі таңда параолимпиадалық спортты көтеру де әлем елдерінде дұрыс жолға қойылып келеді. Бұл қатарда Қазақстан да бар. Өңіріміздің мүмкіндігі шектеулі спортшыларының да бағындырған белестері аз емес. Мұның бәрі – ел ішіндегі айтулы додалардың жоғары деңгейде өтуінің жемісі.

Айталық жуырда Ордабасы ауданы, Темірлан ауылындағы «Жастар сарайы» ғимаратында ҚР Тәуелсіздігінің  30 жылдығы аясында Қажымұқан Мұңайтпасұлының  150 жылдығына орай I, II топтағы көзі зақымданған спортшылар арасында ашық спартакиада болып өтті.

Аталмыш жарыста қатысушылар арқан тарту, қол күрес, кір тасын көтеру, дойбы және шахмат сынды спорт түрлерінен бақ сынады. Тартысты додаға облыстың аудан, қалаларынан командалар қатысып, нәтижесінде Ордабасы ауданы жүлделі 1-орыннан көрінді. 2-орынға Арыс қаласы командасы табан тіресе, Бәйдібек ауданы 3-орынды иеленді.

Ордабасы аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар реусурстық орталығы» мен Зағиптар қоғамның төрайымы Әйтбек Зәуренің айтуынша, мұндай жарыс алдағы күнде де өз жалғасын таба бермек.

Сонымен қатар, Ордабасы ауданында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Қажымұқан Мұнайтпасұлының туылғанына 150 толуына орай «Аудан әкімінің ауыспалы кубогі» жүлдесі үшін ауыл тұрғындары және мекеме қызметкерлері арасындағы жарыс та өз мәресіне жетті.

Тартысты додада Қажымұқан ауыл округі 1-орын иеленіп, аудан әкімінің ауыспалы кубогына қол жеткізсе, 2-орынды Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының Ордабасы аудандық БЖСМ алып, Темірлан командасы 3-орыннан көрінді.

Жалпы жарқын жетістіктердің іргетасы жас спортшылардың түрлі тартыста шыңдалуы арқасында араға жылдар салып қаланатыны ақиқат. Бүгінде олардың біразы облыс мерейін асырып, Олимп шыңын бағындырып та үлгерді. Солардың бірі Сәкен Бибосынов – Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны. Ұлттық құрама мүшесі. Жерлесіміз Токио төрінде 4 кезедсу өткізіп, Пуэрто-Рико, Франция, Испания бокысшыларынан басым түсті. Жалпы Түркістан облысынан Токио Олимпиадасына 5 спортшы аттанған болса, солардың бірі қола медальға ие болып, сенімді ақтады.

Байрақты бәсекелерде намысты қолдан бермеген ұлт мақтаныштарын ұлықтау үдерісі де облысымызда үзілген емес. Мәселен Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова Болгария Республикасының астанасы София қаласында жасөсіпірмдер арасында ММА аралас жекпе-жегінен өткен әлем біріншілігіне қатысып, жүлделі орын алған спортшыларды қабылдады. 30 шілде мен 1 тамыз аралығында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне 23 елден 300-ден астам спортшы қатысып, ел намысын 29 спортшы қорғады. Осы сайыста арыстық жаттықтырушы Асхат Борықбаевтың қос шәкірті Аяулы Әбубәкір мен Аяжан Ергентай қола жүлдеге ие болды.

Басқосуда қала әкімі Гүлжан Мамытқызы спортшылар мен жаттықтырушыға және олардың ата-аналарына сый-құрмет көрсетіп, жас спортшыларға спорт шыңын бағындыруда сәттілік тіледі.

Қорыта айтқанда, өңірімізде спорт түрлерін дамытуда ілгерілеушілік анық байқалады. Жетістіктер де жоқ емес. Тек Түркістаннан түлеп ұшқан қаһармандарымыздың қатары көбейсін десек, салаутты өмір салтын жас толқынға насихаттау жұмыстарын жаһандандыра түскеніміз жөн. Өскен өңір спортының келешегі – бүгінгі жастар. Жастары қайратты елдің алмайтын қамалы болмайды.

 

А.Қадырқұл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.