Оңтүстік Корея теледидары Қазақстанда бағдарлама түсіруде
«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен Қазақстан туралы KBS Everywhere бағдарламасының кезекті шығарылымын түсіру үшін елімізге Korean Broadcasting System (KBS) корейлік ірі телерадиокорпорациясы журналистері келді. Түсірілім тобы Қазақстанда 9 күн болып, сапар барысында астанамыз Нұр-Султанға, сондай-ақ Бурабай, Алматы қаласына және облысына барды.
KBS Everywhere атты KBS арнасының рейтингті телебағдарламасы туристердің көзқарасы арқылы өз көрермендерін әлемнің түрлі бөліктерінде орналасқан ең қызықты қалалармен және табиғи мекендермен таныстырады, сондай-ақ деректі фильм форматында сол жердің тарихы, мәдениеті мен дәстүрлері туралы баяндайды.
Қазақстандағы түсірілімнің басты тақырыбы Наурыз мейрамы болды. 21 наурызда түсірілім тобы астанаға келіп, 22 наурызда ЭКСПО аумағындағы және Қазақ Елі монументінің алдындағы алаңда орналасқан этноауылдардағы той-думанға қатысты.
Одан кейін қонақтар Нұр-Сұлтан қаласы маңында орналасқан BEIBARYS демалыс орнына барып, ондағы Наурыз думанын тамашалады. Ол жерде «Көкпар» мен «Қыз қуу» сияқты ұлттық ойындарға көрермен болып, Наурыз көженің дәмін татты.
Келесі күні түсірілім тобы Visit Aqmola мен «Бурабай Даму» ЖШС қолдауымен Бурабай курортына барып, Burabayland тематикалық саябағында өтіп жатқан мерекелік бағдарламаға қатысты. Бурабайда олар атқа мініп, «Аударыспақ» пен «Қой көтеру» сияқты ұлттық жарыс түрлерін де таспаға түсірді.
Қонақтар Бурабайдың табиғатына тамсанды. Олар үш көлдің әдемі көрінісі ашылатын Бөлектаудың басына көтеріліп, әлі де мұз қатып жатқан Бурабай көлінің үстімен Жұмбақтас пен Окжетпес тауына дейін барып қайтты.
Одан кейін Кореядан келген топ Алматыға жетті. Бұл жерде Visit Almaty туристік ақпарат орталығы қала мен облыстың басты көрікті жерлеріне бару үшін 6 күндік бағдарлама ұйымдастырған. Бара салып олар Есік көлі мен қорғандарын таспаға жазып, әрі қарай Шарын шатқалына аттанды.
Кеше қонақтар Көлсай мен Қайыңды көлдерін түсіруге барып, аталмыш ұлттық саябақтың жанындағы Саты ауылында жергілікті тұрғындардың үйіне қонды.
Бүгін Үлкен Алматы көлі, Көктөбе, Арбат, Медеу, Шымбұлақ және Корея театры секілді көрікті жерлерді түсіру жоспарланған. Ал сапардың ең соңғы күні журналистер Үшқоңырға аттанбақ.
Жалпы осы сапар барысында журналистер, ең алдымен, жергілікті халықтың өмірі мен дәстүрлеріне қатты қызығушылық танытып, көшелердегі кездейсоқ адамдармен сұхбат жүргізіп, шетелдік туристермен сөйлескенін айта кету керек.
Нәтижесінде KBS телеарнасында 50 минуттық бағдарламаның көрсетілімі ағымдағы жылдың 4 мамырына сағат 09.40-қа жоспарланған. Бұған қоса, телерадиокорпорацияның мәліметі бойынша, бағдарлама басқа да корей телеарналарында көрсетілетін болады.
Тағы да бір атап өтетін жайт, KBS түсірілім тобын елімізге Наурыз мейрамын түсіру үшін шақыру – ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінің бастамасы.