Сауд Арабиясында әйелдерге көлік жүргізуге рұқсат беретін заң күшіне енді
Жексенбіден бастап саудиялық әйелдерге өз бетінше автокөлік жүргізуге рұқсат етілді.
Бұған дейін Сауд Арабиясы жер бетінде әйелдерге көлік тізгіндеуге мүмкіндік бермеген жалғыз мемлекет болды. Көлік тізгіндеуге тыйым салуды алып тастау тек өткен жылдың қыркүйегінде жарияланды. Өткен жылы өзгертілген заң осы жылдың 24 маусымынан бастап күшіне енді. Бұған дейін мұнда көлік жүргізген нәзік жандылар қамауға алынып немесе үлкен сомада айыппұл төлейтін. Алайда әйелдердің құқығын қорғап, беделін көтеруді қалаған топ ұзақ жыл осы мәселені талқылап, қыз-келіншектерге осындай мүмкіндік алып берді.
Осы тарихи сәт Асель Аль-Хамад есімді арудың Франциядағы «Формула-1» шеруі шеңберінде «Поль Рикар» трассасымен жүріп өтуімен барша әлемнің назарын өзіне аударды. Бұл шеру автоспорттағы «Формула-1» сынды аса беделді жарыстың Францияға қайта оралуы құрметіне ұйымдастырылды. (Толығырақ massaget.kz сайтынан оқи аласыздар.)
Euronews таратқан ақпарға сәйкес, сауда-саттыққа жұбайларынсыз көлік тізгіндеп бара алатындарынан хабардар болған саудиялық әйелдер көлік жүргізу курстарына жазылуға асыққан. Интернет пен әлеуметтік желілер жүйесінде көлік жүргізген әйелдердің ондаған суреті тарап, қызу талқыға түсіп жатыр.
Сауд Арабиясында соңғы жылдары консерватистік жүйеден ығысу үрдісі байқалады. Бұған дейін соңғы 40 жылда алғаш рет Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта сәрсенбіде бұқаралық кинокөрсетілім өтті. Осы жылдың сәуір айында ел тарихында алғаш рет әйел адамдардың төрт күндік сән апталығы өткен болатын.
Дереккөз: kazaknews.kz