ҚАРИЯЛАРДЫ ДА ТӘРБИЕЛЕЙТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ

«Жастарға тәрбие беру керек»,  «жастарға тура жолды нұсқайық»  дегенді жиі естимін. Осы сөзді сан жылдан бері айтсақ та,  жазсақ та теріс жолда жүрген жастарды әлі де аз емес.

Кафелерде сыра сіміріп,  көшеде темекі шегіп жүрген қыздарды көреміз. Түрлі қылмыс жасап түрмеге түсіп жатқан қыз-келіншектер де баршылық. Қалаларда сауналардың көбейіп, сол жерде ақыға ләззат сыйлап жүрген қаракөз қыздардың көп екенін жиі естиміз. Кейбір ерлер де ажырасудан, қылмыс жасаудан жарысқа түскен сияқты. Олардың арасында теріс әрекетке барушылар азаюдың орнына артып бара жатыр. Мұның бәрі неден?

Жастарды тура жолға шақырудың жасандылығынан. Ата-аналарымыз тағылымды дүние айтқанымен, қонақ келсе дастарханға арақ қояды. Нашақорлыққа, ішімдікке қарсы ұйымдастырылған кей іс-шаралар жасандылықпен өтеді. Кейде зейнет жасындағы ер адамдар жас, сұлу қыздардың басын айналдырғысы келеді. Егде кісілердің арасында ойнастыққа құмарлары аз емес. Үнемі көп мәселелерін пара беріп шешкендерін, түйткілдерді солай тарқатуға болатынын тілге тиек етіп отырады.

Осының бәрін көріп, біліп жүрген жастар салиқалы ұрпаққа айнала ма? Ертеңгі күні олар да ұл-қыздарына мән-мағыналы сөз айтып, өздері ішімдік ішіп, ойнастық жасап жүре береді. Өйткені көрген тәрбиесі сол. Өмір сүру дағдысы солай деп ойлайды.

Сол себептен бізде жасы үлкен ағаларды тәрбиелейтін уақыт жетті. Оларды дұрыс жолға қалай шақырамыз? Мәселен зейнетақысын алған күні қыздарға баратын, сылқия ішімдік ішетін зейнеткерлер бар екен. Солар осындай тірліктерімен ұсталған күні хаттама толтырып, зейнетақысынан айыратын заң шығару қажет.  Басқа да салт-санаға сыймайтын әрекетке баратын үлкен кісілер ісін тию үшін түрлі тетіктерді қолдану керек. «Балық басынан шіриді» деген мақал бар. Біз балықты басынан бастап тазалайық.

                                                                                Шынболат Нұрсұлтан Асылжанұлы  Шымкент қаласы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.