СПОРТ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ
Оңтүстік спорты өркендеу үстінде. Спортшы саңлақтарымыз түрлі байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Мәселен, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Келес ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтіп, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Әбдімәліктің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған балуандар бәсекесіне әр облыста келген 100-ге жуық балуан қатысты.
Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы шығарылған медаль мен қаржылай сыйақылар табысталды.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында ересектер жəне əйелдер арасында белбеу күресінен өткен ел чемпионатында Түркістан облысының балуандары 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте 1-орынға табан тіреді.
Белбеу күресінің классикалық түрі бойынша ерлер арасында 57 келі салмақта Қалмұхан Тұрмаханбет 1-орын, 75 келіде Дəурен Дəмен 2-орын, Аян Ермекбаев 3-орын алса, еркін күрестен 82 келіде Ернар Байжігіт пен 90 келіде Айдос Кұлманбетов ел чемпиондары атанды. Сондай-ақ, 62 келіде Мадияр Жамбыл, 82 келіде Аян Ермекбаев күміс жүлде, 90 келіде Жасұлан Міркенов, 100 келіде Мейірбек Байжігіт қола жүлде иегері атанды.
Ал Петропавл қаласында өз мәресіне жеткен гір көтеру спортынан жасөспірімдер арасында ел біріншілігінде түркістандықтар 3 алтын, 1 күміс пен 2 қола медальді қанжығаға байлады.
Атап айтсақ, жасөспірім қыздар арасында 53 келі салмақ дәрежесінде Әсем Серікбай, ұлдар арасында 85 келі салмақ дәрежесінде Бақдәулет Шынтанов алтынға қол созса, 63 келідегі Нұрболат Ергеш күміс жүлдені, 48 келі салмақтағы Еркебұлан Келдібаев қола жүлдені жеңіп алды.
Жастар арасында 85 келі салмақ дәрежесінде Нұрбатыр Тұрғанбай барлық қарсыласынан басым түссе, 78 келіде Медет Әуесбек қола медаль алды.
Ал Қызылорда қаласында самбо күресінен өткен ел біріншілігінде қыздар арасында 80 келі салмақ дәрежесінде Нұрила Асанқызы алтын, Ұлбосын Әділова күміс жүлдеге ие болды. 65 келі салмақта облыс намысын қорғаған Ақбота Қыдырәлі күміс, 44 келіде Шолпан Алтынбек қола жүлдені қанағат тұтты.
Ұлдар арасында түркістандық балуандар Диас Дәулетов пен Мирас Бақтыбай алтын, Еркебұлан Ахатов, Рамазан Сайлаубек, Рауан Назымханов күміс, Бекарыс Шағырбай қола жүлдеге қол жеткізді.
10 медаль иеленген Түркістан облысының құрамасы жалпыкомандалық есепте 2-орыннан көрінді.
Ал Түркістан қаласында бокстан Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі халықаралық турнирге елімізден бөлек Қытай мен Өзбекстаннан 130-ға жуық жас боксшылар қатысты.
Тартысты өткен турнирде 56 келі салмақта Түркістан облысының боксшысы Мадияр Қыдырəлі жеңімпаз атанып, турнирдің «Ең үздік боксшысы» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, 60 келі салмақта өнер көрсеткен тағы бір түркістандық Сағын Арман да турнирдің жеңімпазы атанды. Шымкенттік Абзал Серік 64 келіде алтыннан алқа тақса,түркістандық Əділжан Жандарбек 69 келі салмақта үздік шықты. Сонымен қатар, түркістандық Рахат Жаңабек 81 келіде, облыс намысын қорғаған Диар Роман 91 келіден жоғары салмақта чемпион атанды.
Ауыл-аймақтарда да бұқаралық спортты дамытуға деген көзқарас оң.
Мәселен Түлкібас ауданында ұйымдастырылған «Түлкібас барысы» турнирінде Майлыкент ауылдық округінің балуаны Ақжол Жанжол «Түлкібас барысы» атанса, ІІ орынды Машат ауылдық округінің «түйе балуаны» Ержан Дүйсенбеков иеленді. ІІІ орынға Келтемашат ауылдық округінің намысын қорғаған Дәулет Жарылқап ие болды.
Түркістан облысында көкпар спортынан ересектер арасындағы өңір біріншілігі де қызықты өтті.
Сайрам ауданындағы Ақсуат атшабарында өткен бұл жарысқа облысымыздың Сайрам, Түлкібас, Төлеби, Қазығұрт, Ордабасы, Бәйдібек аудандарының жылқы десе делебесі қозатын шабандоздары қатысты. Жарыс барысында Ордабасы ауданының командасы бас жүлдені қанжығаларына байласа, Түлкібас ауданының көкпаршылары күміс жүлдені, Қазығұрт ауданы қола жүлдені иеленді.
Жарысты қорытындылаған облыстық спорт басқармасы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы диплом, медальдармен және Зиябек Жеткеров атындағы сыйлықтармен, ақшалай жүлделермен марапаттады. «Үздік салымшы» номинациясын ордабасылық шабандоз Нұрлыбек Асқаров иеленсе, «Үздік қорғаушы» атанған түлкібастық Мамыт Әділет алды.
Ал ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығына орай Түркістандағы №3 облыстық олимпиадалық спорт мектебінде үстел теннисінен облыстың ашық біріншілігі өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарысқа кәсіби спортшылардан бөлек спорт ардагерлері де қатысты. Жарыста өңіріміздің 7 ауданынан келген 150-ге тарта спортшы жүлделі орындарды сарапқа салды. Сайыс қорытындысында Төлеби, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Шымкент, Түркістан, Кентау, Жетісай қалаларынан келген спортшылар бас жүлдеге таласты. Облыс спортшыларының бұл табысты жолын жастар да жалғап, өңір спортын дамытуға өз үлестерін қоса беретіндіктері айқын.
Д.СҰЛТАН.