СПОРТЫ ДАМЫҒАН ӨҢІРДІҢ ӨРІСІ КЕҢ

Өңір спорты бүгінде мейлінше өркендеп, бұқаралық спортты дамыту да кең қанат жайып келеді.  Басқасын айтпағанда, рухани астанамыз Түркістанда да бүгінде  көптеген байрақты бәсекелер жоғары деңгейде ұйымдастырылуда.

Өңір басшылығы да облыс  спортын  дамытуға қолайлы жағдайлар жасап, қолдау білдіріп келеді. Мәселен,  Түркістан қаласында киберспорттан өткен «Alaman Sports 2021»  сайысына  Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қатысып, Түркістан өңірінде жастарды қолдауға, олардың шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік жасалып жатқанын атап өте келе  жеңімпаздарды марапаттаған болатын.

Жастардың қызығушылығын туғызған  бұл көпке таңсық ойында  Дмитрий Ли (Tekken 7), Алмат Төлеуғалиев (StarCraft II), Абылайхан Ахметов (PES 2021) бірінші орынды иеленсе,  PUBG сайысы бойынша Әкежан Балташев, Ермек Төребеков, Жәнібек Омаров және Артур Инжаков сынды үздіктер тобы жеңіске жетті.

Іс-шара барысында «Alaman Sports 2021» LAN-финалының қонақтары төрт ойын-сауық аймағын аралап, киберспорттың қыр-сырымен танысты. Сонымен қатар киберспорттық мектеп лигасын құру бойынша меморандумға қол қойылды.

Сондай-ақ Түркістанда бокстан халықаралық турнир аяқталып,   Қазақстан, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген  154 боксшы 10 салмақ бойынша  ринг төрінде атой салды.  Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері, КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері Əбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған тартысты турнирдің нәтижесінде  түркістандықтар 1 алтын, 2 күміс, 3 қоланы  жеңіп алып, жерлестерінің ыстық ықыласына бөленді. Түркістан облысы əкімдігі мен облыстық спорт басқармасы ұйымдастырған жарыстың  ұлттық құраманың негізгі құрамына шақыртылатын жастарды шыңдауда берері көп екені де талас тудырмаса керек.

Ал таяуда ғана аталып өткен 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай  қалада “Елі сүйген, елін сүйген Елбасы” ұранымен президенттік шақырымға жүгіруден бұқаралық жарыс өтіп,   мыңға жуық спортшының арасынан  суырылып алға шыққан кентаулық А.Захидинов,   түркістандық Б.Абдурайымов, кентаулық Д.Суннатуллаевтар үздік үштікті түйіндесе, әйелдер арасында Қ.Серіктің мерейі үстем болды.  30 жастан асқан спортшылар арасында да жеңімпаздар  анықталды.  Іс-шара соңында  Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев бұқаралық жарысқа қатысқандарды марапаттап, мұндай бәсекелердің  салауатты өмір салтын насихаттауға сеп болатынын да  атап көрсетті.

Әлемдік додаларда  Әнұранымызды әуелетіп жүрген жампоздарымыз жетерлік.  Айталық армрестлингтен Румынияда жалауын көтерген әлем чемпионатында  Түркістан облысы, Шардара ауданының  спортшылары  22 алтын медальды ұтып алып, айды аспанға шығарды.  Яғни жеткіншектер арасында 45 келіде – Базарбай Асылжан, 50 келіде – Ибрагим Әділет (сол қол), Сәрсенбай Жармахан (оң қол), 55 келіде – Раим Бекарыс (сол қол), Мансұр Мұқағали (оң қол), 60 келіде – Серікхан Саят, 65 келіде – Басымбек Нұрболат, 70 келіде – Полат Ермахан, + 70 келіде Роман Данияр  алтыннан алқа тағынса,   қыздар арасында 50 келіде  Абдулла Аружан, 60 келіде Оразхан Ырыстыға тең келер ешкім болмады.

Сондай-ақ жасөспірім ұлдар арасында 55 келіде – Тұрғанбек Тұрарбек (сол қол), Ахметов Қуандық (оң қол), 60 келіде – Ерсайын Мейрамбек (сол қол), Самат Мұқасан (оң қол), 65 келіде – Мұхамбетов Ердәулет (сол қол), Ақтай Бекқуат (оң қол), 70 келіде Саттар Шерхан чемпион  атанса, қыздар арасында 45 келіде – Зиядулла Назира, 50 келіде Тазабек Зейнеп қарсыластарынан қауқарлы екенін дәлелдеп бақты.

Ал Түркістан төрінде  басталған  таеквондодан WT бағдарламасы бойынша жастар арасында  Түркістан облысының ашық чемпионатына  6 команда, 100-ден астам спортшы  қатысып, 20 салмақ бойынша жеңімпаздар  белгілі болды.  Бұл додада  Түркістан қаласы мен Түлкібас жəне  Шардара аудандарының спортшы ұл-қыздарының  дайындығы жоғары екендігі де байқалып тұрғанын айта кетейік.

Мұнан бөлек  Тəуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Түркістан облысының №3 олимпиадалық спорт мектебінің волейболдан ашық біріншілігі өтіп, өңіріміздің  аудандарынан 8 команда қатысып, жүлделерді  орындарды  сарапқа салса,   рухани астанадағы  Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының оқушылары волейболдан республикалық турнирден үлкен жеңіспен оралды. Олар «Нұр –Сұлтан» қаласында өткен “Ұлттық мектеп лигасы” республикалық турнирінде қарсылас шақ келтірмеді. Әрине 17 команда қатысқан аламан додада оза шабу да оңай емес. Екі күнге созылған сайыстағы түркістандық спортшылардың  тау қопарарлық екпініне, жеңіске деген жігерлі ұмтылысына қарап Түркістан облысында бұқаралық спорттың қарқынды дамып жатқандығын да айқын аңғаруға болатын сияқты.

Жалпы түркінің төрінде ұлттық спортты ұлықтау да ұмытылған емес.  Мысалы,  асық ату мен бес асық спортынан ересектер арасында Қазақстан чемпионаты қалада жоғары деңгейде ұйымдастырылып,   13 облыстан спортшылар  қатысты.  Жарысқа арнайы қатысқан Қазақстан Республикасының асық ату федерациясының атқарушы директоры Жомарт Сабыржанов жастар арасында бұл спортты кеңінен насихаттауда  ілгерілеушілік бар екенін де іркілмей айтты.  Шындығында  Түркістан, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Жамбыл, Атырау облыстары мен Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларынан  іріктеліп келген  жастар асық атуды тәп-тәуір-ақ меңгергенін  дәлелдеп,  Алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды.

Спортта жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін қолжетімді үйірмелер мен заманауи  жаңа спорттық нысандардың көптеп салынуы керектігі  анық . Бұл тарапта да өңірде жағымды жаңалықтар жетерлік.  Солардың бірі  – 150 орындыққа лайықталып салынып, 2015 жылы ел игілігіне берілген Бәйдібек ауданындағы Жүзімдік жалпы орта мектебі. Бұл білім ордасы  спорт пен білімді ұштастыра білген бірден-бір мекеме.

Осы ұядан түлеп ұшып, биік  белестерді бағындырған жастардың қатары да көбейіп келеді.  Мәселен  Нұрдидар Әуелхан  –  тоғызқұмалақтың шебері,  Алматыда өткен “Білген тоғызқұмалақ” халықаралық турнирінің  1-орын иегері.

4 жылдан бері тоғызқұмалақпен айналысып, ұстазы Ердан Байсейітовтің сенімін ақтап келе жатқан жас талаптың  жетістіктері мұнымен бітпесі анық. Алар асулары да көп, бағындырар белестері жетерлік Нұрдидардың  ел мерейін үстем ететініне де сенім мол.

Сондай-ақ  Түркістанда салынған   олимпиадалық стандартқа сай ескек есу каналы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен жүзеге асқан жаңа жобалардың санатында.  Жаңа халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталық 100 гектарға жуық алаңда орналасқан. Су айдынының ұзындығы – 2,5 шақырым, ені 125 метр. Каналдың тереңдігі 4 метр. Түркістан қаласындағы әкімшілік — іскерлік орталығында  орын тепкен, спорттық кешендері бар ескек есу каналының елімізде еш  баламасы жоқ  жаңа нысан  ретінде бағаланып жатқаны да жұртты марқайтып, жанкүйерді жадыратып отыр. Спорт кешенінде қонақүйлер, веложолдар, бассейндер, эллинг, каноэге арналған жағалаулар, көпір және тағы басқа нысандар  спортсүйер жастарға қалтқысыз қызмет етуде.

Ал  биылғы жылы  Түркістан облысына арнайы іс-сапармен келген Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитеті спорттық дирекцияларының директоры Елсияр Қанағатов түркістандық бапкерлер мен спортшылар, сала мамандарымен кездесіп,  облыста  жеңіл атлетика спортын дамытуға күш салу керектігін  тапсырған болатын.

Негізінде  Түркістанда ғана емес, облыс аудандарында да ірілі-ұсақты спорттық сайыстар жиі өтеді. Мысалы Сарыағаш аудандық дене шынықтыру сауықтыру кешенінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен ересектер арасында «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық іріктеу кезеңі өтіп, жарысқа қатысушылар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша белдесіп, жеңімпаздар облыстық  жарысқа  жолдама алды.

Сарыағашьа  өткен бұл турирге Түркістан облысының барлық аудандарынан тәжірибелі спортшылар қатысып,  Мадияр Данияр «Сарыағаш барысы» атанса, Тұрлыбеков Жанболат II орынды, Альназаров Алмас III орынды иеленді. «Сарыағаш барысы» турнирінде жүлдеге ие болған балуандарды аудан әкімі арнайы марапаттап, құрмет көрсетті.

Түркістан облысының “Тұран” футбол командасы маусымдық оқу-жаттығу жиындарын Түркияда  өткізіп,  жолдастық кездесуде Украинаның “ Металист” командасын 3:2  есебімен тізе бүктірді.  Түркістандық талантты футболшылар Таңат Нөсербаев, Темірлан Амиров пен Исламжан Насыров қарсыластар қақпасына гол соғып, қазақ баласының да ала допты  аяғында шебер ойната алатынын  дәлелдеп берді.

Ал  Қазығұрт ауданында бокстан жастар арасында Түркістан облысының командалық жарысының  финалы өтіп,  14 салмақ бойынша  жұдырықтасқан боксшылар жүлделерді өзара сарапқа салды.

Бас жүлдені Қазығұрт былғары қолғап шеберлері иеленіп, күміс жүлде Шардара ауданының жігіттерінің қанжығасында кетті, Ордабасы ауданының командасы қоланы  қанағат тұтты. Бұл байрақты бәсекенің   Қазығұрт ауданы əкімдігі мен аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімі жоғары деңгейде ұйымдастырғанын,  қазығұрттық жастарды жарысқа дайындауда   аудандық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің жетекшісі Құралбек Бұқаровтың  зор еңбек сіңіргенін  тілге тиек ете кетейік.

Сондай-ақ «Салауатты ұлт – салауатты ұрпақ» атты  бастамамен Түркістан облысының мемлекеттік қызметкерлері арасында өткен волейболдан және үстел теннисінен өткен жарыс жеңімпаздарын облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің өзі марапаттап, сәттілік тіледі.

Облысымыздың  мемлекеттік  қызметкерлері  арасында  тартысты  өткен бұл  сайысқа  барлық  департамент,  басқарма  қызметкерлерінен  құралған  командалар  қатысты. Бас  жүлдені Түркістан  облысының полиция  департаментінің  командасы  жеңіп алса, күміс  жүлдені басқармалардан құралған «Қыран» командасы иеленді. Ал,  қола  жүлдені облыстық статистика  басқармасының  қызметкерлері  ұтып алды

Сонымен  қатар,  өңірімізде мемлекеттік қызметкерлер арасында үстел теннисінен кезекті спартакиада  да аяқталып,  екі айға созылған  сайыс нәтижесінде   ерлер арасында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері Дамир Абенов бірінші орынды,төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Бағжан Барат  екінші орынды, Түркістан облыстық сотының  қызметкері Рауан Мариев  үшінші орынды олжаласа,  қыздар арасында Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мамандары  Ақерке Қалмұрзаева мен Арайлым Тастемір жоғары екі орынды өзара бөлісіп, үшінші орынға еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің «ВТЭК» командасының  ойыншысы  Малика Худайбергенова лайық деп танылды. Жеңімпаздар  мен  жүлдегерлер медальдармен,  кубоктармен  марапатталып, сый-құрметке бөленді.  Яғни өңір спорты  тұрақты даму үстінде. Бұқаралық спорттың да насихаты дұрыс. Демек  түлеген, түрленген Түркістан өңірінен әлі талай  ұлт спортының ұстындары  шығатыны да анық.

А.Қадырқұл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.