ТАЛАН-ТАРАЖҒА ТҮСКЕН МЕКТЕП

О заман да, бұ заман мемлекет меншігіндегі мектептің жерін кім көрінгенге кертіп беріп, шүлен таратқандай үлестіргенді естігеніңіз бар ма? Біз де көрген де, естіген де емес едік. Сөйтсек, бала зорлаумен аты жарты әлемге әйгілі болған ауданның атқамінерлері мұндай сорақылыққа барудан да еш мүдірмегенін сол ауылдың тұрғындары жаны ауырғандай болып айтып берді. Иә, басқасын былай қойғанда, енді бала оқитын мектепке ауыз салғанын қалай түсінуге болады?

Келес ауданы, Біртілек ауылдық округіне қарасты Ораз ата ауылындағы Талғат Бигелдинов атындағы мектеп ауласындағы қорғанды бұзып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін тас түсіреді. Оған наразы болған тұрғындар үдере тұрыпты. Сол ауылда турашылдығымен, әділдігімен аты шыққан ауыл биі Асан Бултековтің айтуынша, ата-аналар даулап жүрген жер жеміс-жидек бауы екен. Соңғы жылдары қараусыз қалып, таяуда енді біреулер құрылыс жүргізу үшін тас түсіріп қойыпты. Онсыз да сауда орындарының ортасында қалған білім ошағы, егер алдыңғы жағын да жауып тастаса, тіпті көрінбей қалайын деп тұр. Дүкен-дүңгіршекті көбейте бергенше жас ағаш отырғызып, ауылды жасыл желекке айналдырса, оның игілігін ең алдымен сол ауыл адамдары көреді ғой. Бұрын көгалдандыру жұмысына көпшілік жұмыла кірісетін. Айналадағы зәулім ағаштар мектеп мұғалімдерінің қолымен егілген екен. Өз жұмыс орнын таза ұстап, көрікті болуын қадағаласа, әлі де бүлініп қалған ештеңе жоқ екенін айтады ауыл биі.

Ал, көпбалалы ана Г.Алпысбаеваның айтары тіпті басқа. «Мен көпбалалы анамын. Тоғыз перзентімнің жетеуі мектеп жасында. Күйеуім жұмыссыз. Өзім ауылдан жұмыс табылмаған соң Атырау облысына қатынап, жұмыс істеймін. Бір айдың жартысын жұмыста өткізсем, қалған 15 күнінде үйде боламын. Балаларымның тәртібін қадағалап, сабақ үлгерімін бақылауға мүмкіндігім бола бермейді. Сонда да ауылға келгеннен балаларымның мұғалімдеріне жолығып, бәрінен хабардар боламын. Бірақ, неге екенін қайдам, басқа оқушыларға жеткен оқулық менің балаларыма үнемі жетпей қалады. Бұрында да осы мәселені айтып мектеп басшысына бардым. Директор «қадағалаймыз» дегеннен арыға аса алмады. Нәтиже жоқ. Мектеп асханасына да көңілім толмайды. Барлық жерде заманауи мектептер салынып, тазалығы мен тәртібі адам сүйсінетіндей жағдайда. Ал, біздің мектеп құдды тас дәуірден қалғандай әбден тозған. Бес-алты жыл бұрын мектепті күрделі жөндеуден өткізді. Жұмыс шала-шарпы жүргізілгендіктен көп ұзамай қайта тоза бастады. Тіпті, спортзалдың біреуі жарамсыз болғанғандықтан есігін жауып тастаған. Ендігісі мынау, мектеп ауласын жекеге беріп, тағы да біздің наразылығымызды тудрып жатыр. Өз басым, мектеп алдынан құрылыс салынуына қарсымын. Онсыз да мектеп ауласынан медпункт салып, жерін тарылтып жіберді. Бастауыш сыныптар оқитын корпусты жекеменшік бала­бақшаға берді.

Иә, ата-аналар мен ардагер ұстаздардың шырылдайтынындай бар. Келес ауданындағы күре жолдың бойынан дүкен ашып, бизнесін өркендеткісі келетіндер көп. Әсіресе, ертелі-кеш көлік үзілмейтін, адам шоғыры да азайып көрмеген үлкен жолдың бойынан жер алып, заман талабына сай зәулім сарай салсаң ғой, шіркін! Кәнігі кәсіпкерлердің де көздегені кейде қоғамға кері әсерін тигізіп жатады. Орталықтан жер алып, алдымен дүкен ашып, кейіннен оны басқа мақсатқа пайдаланып жүретіндер де аз емес. Тіпті, бала білім алатын киелі мектеп жанынан казино, түнгі клуб, сауна, кафе сияқты жасөспірімдер тәрбиесіне кері әсерін тигізетін орындар ашып, тәрбие алаңын жынойнаққа айналдырып жібергендер де жетерлік. «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, жекешеленген жерді қандай мақсатқа пайдаланатынын жеке кәсіпкердің өзі шешеді. Ондайда бала тәрбиесі, қоғам пікірі әдірем қалады.

Арызданушылардың айтуынша, бұл мектеп ауласына «ауыз» салушылардың алғашқы әрекеті емес. Осыдан біраз жыл бұрын біреулер мектеп алдынан құрылыс жүргізу үшін іргетасына цемент құя бастаған. Сол кездегі мектеп басшысы Ш.Есенбекова қарсы шығып, құзырлы орындарға арызданады. Нәтижесінде прокуратурадан тексеру келіп, кәсіпкердің қолға алған жұмысын тоқтатады. Осылайша бір «білместіктен» аман қалған мектеп енді араға біраз жыл салып, жанашыр директор болмаған соң біреулердің «қанжығасында» кететін түрі бар.

Білім ұясының стадионы мен бастапқы әскери дайындық алаңы болған жарты гектар жер медициналық мекеменің меншігіне берілген. Бір корпус біреулердің ықпалымен балабақшаға айналған. Таяқ тастам жерде тағы бір балабақша бар. Бәрі бай-бақуаттылардың тірлігі екенін оқушыларға дейін біліп отыр.

Бір қызығы, салынғанына 20 жыл болса да әлі күнге дейін мектептің жеріне мемлекеттік акті алынбағанын айтқан бұрынғы директор  Ш.Есенбекова жер құжаттарын заңдастыра бастағанында, неге екенін кім білсін, атқарып отырған қызметінен шеттетіледі. «Сол кездегі сызбада дау тудырып жатқан жер мектепке тиесілі болып көрсетілген еді. Оны өзгерту кімге керек болғанын түсінбеймін»,- дейді байырғы басшы–ұлағатты ұстаз.

Шынында да, бір кездері мектеп үшін берілген жер қалайша жеке кәсіпкерге беріледі? Оған қалай жол берілді? Жалпы, соңғы жиырма жылда мектеп ауласына бір емес, екі емес, бақандай төрт рет «құда түсетіндей» кімнің ақысы қалды екен?

Осыдан отыз жыл бұрын пайдалануға берілген мектептің әлі күнге дейін мемлекеттік актісінің жоқтығына кім кінәлі? Жекелеген адамның жіберген қателігі үшін мемлекет неге жерінен айырылуы керек? Ата-аналардың жанайқайын тыңдайтын жан бар ма? Біз бұл сұрақты мектептің бүгінгі басшысы А.Асқароваға қойдық. «Біз мектептің мемлекеттік актісін таяуда жасатып біттік. Дау тудырып жатқан жер жекенің меншігіне осыдан он шақты жыл бұрын өтіп кеткен. Ол жер алдымен мектеп директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Қ.Тұрлыбековтың атына жекешелендірілген. Кейін одан жеке кәсіпкер Д.Шегебаев сатып алады.Жеке кәсіпкер менің туған қайным болғандықтан, құрылыс жұмыстарын бастаған кезде үйіне барып, ертеңгі күні елдің қарсылығына ұшырып қалмау жағын ескерттім. Ол болса екі аралыққа, шекараға адам бойы етіп қорған салатынын, мектепке ешқандай зиянын тигізбейтінін айтты»,- дейді директор.

Осылайша Келес өңірі кезекті келеңсіздігімен тағы да көзге түсетін түрі бар. Бұған «жаңадан құрылған ауданның абыройын қайтсем асқақтатам, елдің еңсесін көтеру үшін не істесем екен» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген жаңа ауданның тұңғыш әкімі Ақментай Есбаев не дер екен?

Ә.Мұратбеков.

«Қазақстан жолы» газеті, №39 (684) 20.10.2018 жыл.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.