Террорға тосқауыл — заман талабы
Қоғам тыныштығы, тәуелсіздігіміз бен тұрақтылығымыз бәрінен де қымбат. Сол үшін де біз діни экстремизмге, жат ағымдар әрекетіне табанды түрде қарсы тұруымыз керек. Өйткені лаңкестік жолды таңдаушылар, дінді теріс насихаттаушылар бақты қашанда ынтымақ пен бірліктен іздеген біртұтас халқымыздың болашағына қауіп төндіруде.Сондықтан да Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан жастар арасындағы түрлі шаралардан рухани ордаларымыз-кітапханалар да шет қалып көрген емес.Ал діни экстремизмге қарсы күрес- тұтас қоғамның міндеті, ортақ мақсаты.
ОҚО ІІМ-нің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті тарапынан жаңадан инфографикалар мен жадынама әзірленіп, мәдениет мекемелеріне жолданғаны да баршаға белгілі. Осыған орай таяуда біздің облыстық жасөспірімдер кітапханасында ҚР «Азаматтық қорғау туралы» және «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес діни экстремизм және терроризмнің алдын алу бойынша «Террорға тосқауыл -заман талабы» атты түсіндірме сабағы ОҚО ІІД ӘҚІҚБ-ның аға жедел уәкілі, полиция майоры А.Есенкуловтың қатысуымен өтті.
Қаламыздағы 5 колледж студенттері мен кітапхана қызметкерлері қатысқан кездесуде А.Есенкулов қазіргі қаптаған діни ағымдардың қауіптілігіне, экстремизмнің ел аумағындағы көріністерімен күрес жүргізу жолдарының өзектілігіне тоқталып, террорлық акті болған жағдайдағы алғашқы іс-әрекет туралы айтып өтті. Сонымен қатар ол лаңкестікпен күрестің бүгінде әрбір елдің ішкі және сыртқы саясатының басты бағыттарының біріне айналғанын да атап көрсетіп, «Неге экстремизм мен терроризм күн тәртібінен түспейтін өткір сұраққа айналды?», «Олардан зайырлы адамдар неге сақтанады?», «Қауіптілігі қандай?» деген сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғады. Біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымызда діни экстремизмнің қаупіне үстірт қарауға болмайтыны да қонақ назарынан тыс қалмады. Осынау өзекті тақырып қатысушыларды да бейжай қалдырмай, келелі пікірлер айтылды, полиция уәкілі көптің көкейінде жүрген сұрақтарға да нақты жауаптар берді.
Өз кезегінде кітапханашы А.Алиева тақырыпқа сай бейнеслайд көрсетсе, оған қоса инфографикалық анықтамалықтар да шығарылып, аталған тақырыпта кітап көрмесі дайындалды. Студенттер, кітапхана оқырмандары берілген анықтамалық-жадынамамен таныстырылып, ондағы мәліметтер кітапхана сайтына енгізілді.Сондай-ақ кітапханамызда Шымкент қаласындағы Ақпан батыр атындағы №10 жалпы орта мектеп оқушылары мен кітапхана қызметкерлері қатысқан «Біздің қоғамда терроризм мен экстремизм жоқ!» атты түсіндірме сабағы да сәтті өтті.
Шара барысында оқушыларға діни экстремизм туралы бейнеслайд көрсетіліп,кітапханашы Ж.Тултебаева оқушыларды кітап көрмесімен таныстырып өтті. Осы тұста аталмыш көрменің жыл бойында оқырмандарға ұсынылатын көрме ретінде жоспарланып отырғанын да айта кетуді жөн көріп отырмыз. Ал осы игі шаралардың жұрт күткен деңгейде өтуіне кітапханамыздың әдіскері Д.Текебаева, балаларға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі А.Әлқожаева зор еңбек сіңірді, белсене атсалысты.
Қорыта айтқанда, жастарымыздың терең біліммен қаруланып, рухани жан-дүниесінің де бай, инабатты да иманды жеке тұлға ретінде қалыптасуына кітапхана қызметкерлері ретінде біз де аянбай еңбек ете беретін боламыз.
Ж. Тултебаева, облыстық жасөспірімдер кітапханасының сектор меңгерушісі
«Қазақстан жолы» газеті, №15 (690), 21.04.2018 ж.