ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ОРДАБАСЫ АУДАНЫНА ЖҰМЫС САПАРЫМЕН БАРДЫ
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ордабасы ауданына іссапармен барды. Сапар барысында өңір басшысы аудандағы бірқатар нысандарды аралап, өндірістік орындарда атқаралып жатқан жұмыстармен танысты. Аймақ басшысы бастаған топ ең алдымен Қажымұқан ауыл округіндегі «Асылтұқымды шаруашылық Ордабасы ешкі сүт өнімдері» ауылшаруашылық кооперативінде болды.
Бүгінде шаруа қожалығының жұмысы өркендеп келеді. Кәсіпкер Жеңіс Тоғызақбаев мемлекеттен 500 млн. теңге несие алып, Голландияның заанен тұқымды 500 бас ешкісін ұстап отыр. Кәсіпкер болашақта 3-ші ферма ғимаратын салуды және сүт өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ ешкі басын 6 мыңға жеткізіп, тәулігіне 15 тонна сүт өңдеу жоспары бар. Бүгінде өндірілген ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өнімі шығарылып жатыр. Шаруашылықта 32 адам тұрақты түрде жұмыс істейді. Орташа жалақылары – 100 мың теңге.
Мұнан кейін облыс басшысы Қажымұқан ауыл округіндегі «Бейнеу-Шымкент» магистральды газ құбырын аралады. Сонымен қатар өңір басшысын Темірлан ауылы «Жастар сарайы» ғимаратында «Өрлеу» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалар көрмесімен таныстырды.
Нысандармен жіті танысқан облыс әкімі кәсіпкерлердің ісіне сәттілік тілеп, отандық өнімді өндіріп, ел тұрғындарын сапалы өніммен қамтуда аянбай еңбек ете беруіне тілектестігін білдірді.
«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алып қана қоймай, оны табыс көзіне айналдыра білу керек. Сонда берекесі мол болады. Алдағы уақытта әр ауданда азаматтардың атаулы көмекті алуы қадағаланады», – деді облыс әкімі Ө.Шөкеев.
Облыс әкімі аудандағы тың жобалардың бірі – Бадам ауыл округіндегі Бадам өндірістік аймағындағы «Karlskrona» ЖШС-нің темір құймаларды өңдейтін зауытқа барды. Болат құю зауытының құрылысын өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі – «Karlskrona LC AB» ЖШС-і жүргізуде. «KARLSKRONA LC AB» ЖШС жаңа технологиямен құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндірумен айналысуда. «Karlskrona» мемлекеттік қолдауға ие кәсіпорын. Бүгінгі таңда зауыт машина жасау саласында алдыңғы орында. Компания Орталық Азияда теңдесі жоқ заманауи технологиямен жабдықталған. Бадам индустриялды аймағында орналасқан зауыт жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс орнында 50 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын 2016 жылы іске қосылған.
Өңір басшысы аялдаған келесі нысан Бөржар ауыл округіндегі «Александровский сад» ЖШС-нің интенсивті қарқынды бау-бақшасы болды.
Өз кезегінде шаруашылықтың иесі Бақтияр Тағаев алдағы уақытта баудың көлемін арттыратынын айтты. Облыс басшысы бұл бастамаға әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсететіндігін жеткізді. Аталмыш кәсіпорын 17 гектар жерге жаңа технологиямен тамшылатып суғару әдісімен бау егуді 2016 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Жобаның қаржы көлемі – 150 млн. теңге. Өндіріс қуаттылығы жылына 6000 тоннаны құрайды. Мұнда 30 адам жұмыспен қамтылған.