ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ШАБАНДОЗДАРЫ ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ
Көкпардан жастар арасында апта бойы жалғасқан Қазақстан чемпионатында Түркістан облысының «Құлагер» командасы бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлері аударыспақ, жамбы ату жəне теңге ілуден өткен елішілік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері де анықталды.
Кілең мықты жігіттер бақ сынасқан көкпар додасына елімізден 9 команда қатысты. Биыл 15-рет жалауы желбіреген шабандоздар сайысының ақтық сынында Түркістан облысының командасы Жамбыл облысынан келген «Әулие-ата» көкпаршыларын 6:2 есеппен ойсырата жеңлі. Жамбыл облысының көкпаршылары күміс жүлдегер, Алматы қаласының құрамасы қола жүлдегер атанды. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрлерін жаңғырту мақсатында аударыспақ, теңге ілу жəне жамбы атудан да биылғы Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Апта бойына жалғасқан жарыста білекті де қайсар жігіттер арасында аударыспақтан 4 салмақта түркістандықтар жеңімпаз атанды. Мәселен, 70 келіде жеңістің тұғырынан түркістандық Дарын Өткелбай көрінсе, 80 келіде Расул Құрайыш, +80 келі салмақта Ғабит Ағабектің бақтары жанды.Теңгі ілуден Ғалымжан Изжановтың мерейі үстем болды. Ал, жамбы ату жарысында Жамбыл облысының саңлағы Бақдəулет Бабажан жеңімпаз атанды. Түркістандықтар Батыр Бексауыт күміс алқа, Ералхан Айкөз кола жүлдені қанағат етті.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, аударыспақтан «Үздік спортшы» атанған Расул Құрайыш пен көкпардан «Үздік салымшы» номинациясына ие болған Сабыр Бақдаулетке граммоталар табыс етілді. Ал, жанкүйерлерді өзінің талантымен таң қалдырған Намыскөк атты сүйгүлік «Үздік ат» атанды.