ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРНИР БАСТАЛДЫ
Түркістан қаласында бокстан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған дәстүрлі XIХ халықаралық турнир басталды. Жарыстың ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құттықтау сөз сөйледі.
«Бокс спорты жастарымызды қайсарлыққа, патриоттық рухын қалыптастыруға, өзара қарсыластарын құрметтеуге, достық қатынасты қалыптастыруға зор септігін тигізеді. Еліміз өз Тәуелсіздігін алғалы бері елімізде спорттың бокс түрі қарқынды дамуда. Спортшыларымыз халықаралық ареналарда көк туымызды желбіретіп, Олимпиада ойындары мен Әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары және жүлдегерлері атанды. Жарысқа қатысушы боксшыларға сәттілік тілей отырып, шаршы алаңда тек мықтылардың жеңіп шығуына тілектеспін», – деді облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы.
Бекзаттың анасы Сарлыкүл Саттарханова батыр ұлы туралы естелік айтып, жарысты ұйымдастырушыларға алғыс білдірді. Сайысқа арнайы қатысқан спортшылар Бекзаттай батыр мәңгі ел есінде сақталатынын және оған деген құрмет әрдайым жоғары болатынын айтты.
Түркістан төріндегі додаға Қытай мен Өзбекстан елдерінен және еліміздің барлық өңірінен 130-ға жуық спортшы келді. Оларға 11 салмақ дәрежесінде жүлдедер тапсырылады. Жарыс кезінде барлық карантиндік талаптар қатаң сақталады. Қатысушылардың дене қызыуы тексеріліп, арақашықтық сақталған.
Бұл жарысқа бокстан 2002-2004 жылдары туылған жастар сайысқа түсіп жатыр. Жарыс жеңімпазы атанған спортшыға «Спорт шебері» атағы беріледі.
Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, 1-дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы бокстан XIХ халықаралық турнирі
наурыздың 20-на дейін жалғасады. Сайыс жеңімпаздары сәуір айында Польшада өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.
Түркістан облысының боксшылары Қазақстанда үздіктер қатарында тұр. Өңірде 8 облыстық, 18 қалалық және 7 аудандық спорт мектептерінде бокс бөлімдері жұмыс істейді. Онда 252 жаттықтырушы 6 мыңнан астам балаға оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізеді. Бокстан ересектер арасында халықаралық, республикалық турнирлер жыл сайын өтеді. Сондай-ақ, ел чемпионаттары мен біріншіліктеріне Түркістан облысының іріктеу сайыстары өткізіледі.