ТҮРКІСТАНДА «ЕР ҚАНАТЫ — АТ» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ
Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай Наурыз мерекесі қарсаңында «Ер қанаты – ат» экспозициялық көрмесі ашылды. Көрмеге қорық-музей қорында сақталған VI-VII ғасырға тән үзеңгі, XIX ғасырлық таға мен қаусар және X ғасырдағы ат әбзелдері сынды 30-дан аса көне жәдігер қойылған.
Көрмені «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков пен қалалық Ардагерлер кеңесінің мүшесі Әбдікамал Әшімбеков ашып, қазақ тарихындағы ат өнері, қоғамдағы орны жайлы сөз етті.
«Жылқыны көлік еткен ата-бабаларымыз, ең сенімді серік ретінде жоғары қадірлеген. «Ер қанаты – ат» деген халық нақылы да тектен-текке айтылмаған. Мәселен, 1979 жылы Күлтөбеде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде VI-VII ғасырларда көмілген аттың қаңқасы табылды. Жылқы ауыздық мен үзеңгі сынды әбзелдерімен қойылған. Дәл осындай жәдігерлер Ташкент, Самарқан, Алтай өңірлеріндегі бес жерден табылған. Бұл түркілердің жауға да, жолға да сенімді серігін қадір тұтқан қасиетін білдіреді. Табылған үзеңгі тат басқанымен өз қалпын сақтап қалған. Бүгінгі көрмеден тамашалап отырғандарыңыз да сол жәдігер», – деді археолог Марат Тұяқбаев.
Сонымен қатар, көрме экспозициясына қойылған жәдігерлер қатарында, қорық-музейдің реставраторы Еділ Мұташевтың жасаған жылқы макеті де көпшіліктің көңілінен шықты. Көрмені Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларынан келген туристер тамашалап, қызығушылықтарын білдірді. «Ер қанаты – ат» жәдігерлер топтамасы бір ай бойы қонақтар назарына ұсынылатын болады.