ТҮРКІСТАНДА «ОРДАБАСЫ – БІРЛІКТІҢ ТУЫ» АНИМАЦИЯЛЫҚ ФИЛЬМІНІҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
Түркістан қаласында «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті. Оған зиялы қауым өкілдері, өңір қаламгерлері мен жастар қатысты. Ұлы даланы мекен еткен ұлы тұлғалар мен даналардың ерлігі мен адалдық, данышпандық қасиеттерін баяндайтын анимациялық фильмді «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Түркістан облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Сақ» киностудиясы түсірген.
Былтыр Ордабасы тауындағы үш ел Президенттерінің тарихи кездесуіне және «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорығын» құру туралы Елбасы Жарлығының шыққанына 25 жыл толған болатын. Осыған орай түсірілген фильмде ел қорғаған баhадүрлеріміздің ерліктері, елдің бірлігі суреттелген. Асылжан есімді балақайдың елін, жерін қорғауға деген ұмтылысы арқылы тарихи оқиғаны жас ұрпақ санасына сіңіру көзделген. Оқиға желісінде қазақтың Төле, Қазыбек, Әйтеке билері бастап, Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай секілді батырлары қоштап, Ордабасыда үш жүздің басын қосып, шешуші айқаста жауды жеңген тұстары көрініс табады.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек. Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал» деді. Ал, «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарына ерекше назар аудару керек екенін айтқан болатын. Осы мақсатта түсірілген «Ордабасы – бірліктің туы» анимациялық фильмі жас ұрпақты отаншылдыққа, туған елді, тарихты құрметтеуге шақырады.
Фильмнің режиссері Батырхан Дәуренбеков бүлдіршіндерді отаншылдыққа шақыратын мұндай туындылар алдағы уақытта да түсіріле беретінін жеткізді.
Түркістан облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқатар көркем және анимациялық фильмдер түсірілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Сақ» киностудиясы «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдерін және «Көне жетігеннің сыры» телехикаясы мен «Ұлы Жібек Жолы бойындағы көне қалалар» деректі фильмін жұртшылық назарына ұсынған болатын. Сонымен бірге, «Оқсыз оқиғасы» анимациялық фильмі мен «Төле би» атты 10 сериялы кинохикаясы да көрерменге жол тартпақ.