ЖАСТАР ЖАТ АҒЫМДЫ ҚОЛДАМАЙДЫ

Өңірімізде терроризмнің алдын алу және жат ағымдардан сақтандыру жұмыстары  жүйелі түрде жүргізілуде. Мәселен жуырда Мақтаарал аудандық «Жастар ресурстык орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Жамбыл ауылдык округі Тегістік ауылында орналасқан Ш.Бектасов және Көкпарсай елді мекеніндегі С.Мұқанов атындагы жалпы орта мектептерінде ауыл тұрғындары мен әкімшілік қызметкерлерінің, мектептің 10-11-сынып оқушыларының қатысуымен алқалы жиын болып өтті. «Дін және жастар» айдарымен өткен жиында Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теологы Азамат Жәлел өскелең ұрпақ арасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдарды жандандыру мақсатында Қазақстан Республикасы дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жайында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Қатысушыларға ислам мен өзге діндердің айырмашылығы, діни секталар мен миссионерлердің іс-әрекеттері, көздеген мақсаттары туралы айтылып, күнделікті өмірден нақты мысалдар келтірілді.

 

«Қоғамдағы өзекті мәселе – теріс діни ағымдардан жастарымыз бойларын аулақ ұстаулары керек. Бұл бағытта аудан аумағында түрлі деңгейдегі кездесулер мен дөңгелек үстелдер, жиналыстар мен тәлім-тәрбиелік шаралар өткізілуде. Бүгінгі ұрпақты имандылыққа тәрбелей отырып, халық дәстүрін жүрегіне ұялатып, санасына жеткізу, діни сауаттылығын жетілдіру қажет» дейді шараны ұйымдастырушылар.

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ, Жетісай аудандық маманы М. Салиходжаевтың қатысуымен Жетісай ауданы, Жаңа ауыл ауылдық округінде орналасқан А.Жами атындағы №24 жалпы орта мектебінде мектеп ұстаздары мен оқушыларына дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында «Деструктивті діни ағымдардың іс-әрекеттерінен сақтандыру» тақырыбында кездесу өтті. Дінтанушы маман М.Салиход­жаев жиынға қатысушыларға жат ағымдардың көксегені еліміздің тыныштығын бұзу екенін баса айтса,   Жаңа ауыл ауылдық округінде орналасқан Қ.А.Яссауи атындағы №22 жалпы орта мектебінің ұстаздары мен оқушыларына ол:

«Қазіргі таңда еліміздің бейбітшілігі мен кез келген салада тұрақтылығына көз аларта қарайтын деструктивті ағым өкілдері бар. Олар түрлі жолдармен сіздер секілді жастарды өз арбауына түсіріп, діни экстремизм мен терроризмнің құрбаны еткісі келеді. Сондай ағымдардан сақтанудың ең басты құралы – төл тарихымызды жақсы білу. Отанымыздың әрбір тұрғынының бойында патриотизм сезімі күшті болуы керек»,-дей отырып, жастарды өз ата-тегін, ұлтын, халқын сыйлауға шақырды.

Сондай-ақ дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Арыс қаласы М.Шаханов атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімдері мен жоғарғы сынып оқушыларының қатысуымен «Жастар және дін» тақырыбында кездесу өтті.

Кездесуде Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы А.Мейірбек баяндама жасады.

Кездесу барысында деструктивті діни ағымдардың зияны, олардың психологиялық портреті, қоғам арасындағы кереғар діни ағымдардың рөлі, олардың белгілері, сөзі және іс-әрекеттері жайында толыққанды мәлімет берілді.  Ал Арыс қаласы Байырқұм ауылдық округінің тұрғындарына «Экстремизм және терроризм: ұғымы, мәні, көріністер формасы» тақырыбында түсіндірме жұмыстарын жүргізген маман тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берді.

Мұндай берері көп басқосулар Бәйдібек ауданында да  жиі ұйымдастырылды. Айталық «Дін – тұрақтылық кепілі» тақырыбында тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулер кестесіне сәйкес Бәйдібек ауданы, Тұрақты ауылы, Ж.Жүнісбеков атындағы жалпы орта мектебінде «Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасының рөлі» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды.

Кездесуге Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы-теолог маманы Қ.Салықбаев қатысып, халықтың ұлттық және рухани дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыру, деструктивті діни ағымдардың зияны турасында ой қозғады.  Сонымен қатар  ол Бәйдібек ауданы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары және адамның ар-ождан мен дін бостандығына құқығы» тақырыбындағы кездесуге,  «Ақбастау» ауылдық округінде ауыл тұрғындарымен болған жиынға да қатысты.

Ал Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов ауылы Жанкент жалпы орта мектебінің жоғары сынып оқушыларымен кездесуге Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы маманы Б.Өтеген, Түлкібас ауданы ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Е.Айтимбетов  келіп, оқушыларға еліміздегі теріс діни ағымдардың іс-әрекетінің нәтижесінде дін мәселесі күрделі деңгейде екендігін жеткізді. Дегенмен де облысымызда жалпы діни ахуал тұрақты деп бағаланады. Мамандар деструктивті діни ағымдардың ішінде сәләфилік ағымына, оның  шығу тарихы, даму кезеңдеріне қысқаша тоқталып өтті. Сәләфилік идеологиясы буквализмге құрылған ағым болып табылады. Олар Құрандағы аяттарды тек тікелей мағынада түсіну қажеттігін айтып, исламдағы кейінгі кезеңде пайда болған барлық жаңашылдықтан бас тартуға шақырады.

Жиын соңында оқушылар тарапынан бірнеше сұрақтар қойылды. Ал аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Амандін Сайлаубаев қатысушыларға алғысын білдіріп, жиналысты  қорытындылады.

Е.Тәжиев.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.