Жұмабай Шаштайұлы: Жiбектей есiлген қылықты сұлулар, өнерпаз жаужүрек жiгiттер, ақ сақалды қария, ақ жаулықты әже, қайдасыңдар?!
Жоғары лауазым иелері мен ауқатты кісілер жиындарының жалдамалы қызметшісіне дейін құлдыраған өнер – киесінен айырылып, ақша табудың төте кәсібі сияқтанып барады. Тағдыр талқысында талайыңа жазғанды ой елегінен өткізіп толғау – өнердің өмірден өзек алатын басты өлшемі деп есептейтінбіз.
***
Ұлттық ұстанымдар жорасына жүруге тиіс қасиетті ұғымдардың аясы тарылып, құлқынның құзғын ниетті құлдары бәрін үңірейе бақылап тұрғандай өзіңнен-өзің кейде шіміркене шамырқанасың. Бүгінгідей бұқаралық мәдениет үстемдік құрған заманда жұтатын рухани ауамыз ластанып, тынысымыз тарылып барады.
***
Қазақ ахуалында осы күні шын сөздің атымен жоқтығы қатты алаңдататын құбылыс. Кемерінен асып төгілген сыпыра мақтау. Соның арқасында жұрттың бәрі сырдың суы сирағынан келмейтін тәкаппар. Оларында және табиғи шынайылық шамалы. Өздерінен зор шыға қалған жағдайда «қазаны мен қалбаңы» сүйкімді. Оның өзі шығармашылық бәсекенің жолынан тысқары лауазым мен байлық алдында жарбаң қағып, жалбарынудан ғана тұрады. «Осым қалай болар екен» деген қымсыну белгісі қылаң ұрып қоймайтын жан семіздігі.
***
Ашықтан-ашық мадақтайтын әдеттен қымсынбай, ар-намыс, ожданды аяққа таптатқан антұрған арсыздықтың ақыры қайда апарып тынатынына мазасыздана алаңдап жатқан қазақ баласы жоқтың қасы. Билік басындағыларға жақын-жуық жүріп, солардың ығынан ұдайы табыла қоятын өнер саласының тұтас түмені шұбырып, көз алдыңнан көлбеңдей өтеді.
***
Біздің балалық шағымыздағы кез-келген ақ сақалды кісі, ақ жаулықты ана «сақтансаң – сақтаймынға» иманындай ұйитын.
***
«Қазақтың қазір жасы үлкен ағасы кім?» деген сауал туындаған жағдайда – оған кесіп-пішіп бірден жауап беру қиынға соғатынын шындап ойлап көрдік пе екен осы. Күштілердің ғана сөзін тыңдап, қабағын бағып үйренген мінездер ар-ождан, намыс-ұят құндылықтарын екінші кезекке ысырып тастағалы қашан. Телі-тентек тебіздікке де, ұры-қары жымысқы жалтаңкөздікке де, сұғанақ-сұмпайылыққа да етіміз өліп, бойымыз көндігіп кетті. Жоғары оқу орнының гуманитария саласындағы студенттің оқытушыға шімірікпестен кітап оқуды ұнатпаймын деп жауап беруі оғаш естіліп, айыпқа бұйырылмайды. Бұл сөздердің бәрі зая, «жартасқа бардым, күнде айғай салдымның» нағыз кері келді ме екен деп қорқасың.
***
Мемлекетіміз тарихында қазақ тілінің дамуына тап биылғыдай қаржы бұрын-соңды бөлініп көрген емес. Енді бауырын жерден ажыратып алмаса, осы кеткені кеткен деген қауіп те жоқ емес. Не бүк, не шік, одан гөрі ауырырағын айтсаң, не өмір, не өлім. Біреулердің қалтасына кетпесе, қаржы орнымен жұмсалар. Ұлттық ділді орнықтырмай тұрып, тілдің өркендемейтінін түсінетін мезгіл әлдеқашан жетті.
***
«Осы жұрт Ескендірді біле ме, екен?» деген Абай сауалының тонын дүниеде қазақ қыздары жар болмаған ұлт қалды ма екен деп те айналдырып жіберуге болады. Біз осыған қаншалықты алаңдаймыз өзі? Шетелдіктерге ұзатылған қыздарымыздың есебін алмаймыз, одан кейінгі тағдырларының қалай қалыптасып жатқанынан хабарымыз шамалы. Осындайда Мысырдан кезіктірген украин әйелінің сөзі жадыңа оралады. «Жас қалпымызда мәңгі қалатындай бөтен біреудің етегінен ұстап, жасқанбай кете беріппіз». Отыз жылды араға салып барып өкінген шарасыз ұсқын көңілсіз ойларға одан сайын жетелейді. Басқа жұрттың жігітіне тұрмысқа шығып, қартайғанда күйеуінен ажырап, баласына сыйыспаған әйелдердің қағынан жеріген құланға ұқсаған күйде жүргенін қазақ қауымдастығының Мәскеудегі өкілі ашынып айтқан уақытта өзегіңе ащы өксік тығылады.
***
Көпшілік арасында тектілік тәрбиесі жүргізілмей, дүниеге америкалық құлшыныстың ықпалы күшейген сайын қазаққа тән романтикалық санаға орын қалмай барады. «Инемен құдық қазғандай» шығармашылық еңбектердің қадіріне бұрын да жетіп жүргеніміз шамалы еді. Қазір зиялы дейтіндердің өздері «өзі зордың ығын» сағалағыш, ақшамен ғана өлшенетін қатынастар «ұстараның жүзіндей мың құбылған дүниеге» айнала түсті.
***
Қазақтың ең кәделі шараларының бірі – торқалы той, топырақты өлім, осыларды атқару барысында халқымыздың болмыс-бітімі, бүкпесіз көрінеді. Бала-шағасының аузынан жырып, тапқан-таянғанын ортаға салатын мәрттік, ағайынға тасбауыр қарақазан сараңдық, соларға қазылық жасап, ақ-адал сөзін айтатын үлкендік қазақ өмірінің байтағында бірінен-біріне жалғасып жатады.
***
Шеншекпен, лауазым, байлық төрге озатын үрдіс қанатын жазып, төбемізден құдиып төнген сайын құтымызды қашырып, тек соларға ғана жаутаңдап қарағанды ұнататын сыңайлы. Тап осының кесірінен қазақ ақынжанды-сезімтал қасиетінен ажырап барады.
***
Жібектей есілген қылықты сұлулар, өнерпаз жаужүрек жігіттер, ақ сақалды қария, ақ жаулықты әже, қайдасыңдар?!
***
Жақсы мен жаманның парқын айырудың ұлттық өлшемі жайына қап, ақша билеген нақ мынадай уақытта обал мен сауапқа алаңдап, ұяттың қамын жеген адамды іздеп табу, бір мая шөптің арасынан ине іздеген әрекетпен бірдей. «Ұлттың ұяты мен ожданының орны жиырма жылдан бері бос тұр» дегенді Мәскеудің жастар газеті басты тақырып қып қойғанын көзіміз шалғанда – біз неге осындай әңгімеге бара алмаймыз деген өкінішке ұқсайтын сезім өзегіңді қарып өтетіндей. Ия, біз ашық әңгімеге бара алмаймыз.
КЕЛІМСЕКТЕР – ЕРІНШЕКТЕР ЕМЕС!
Елімізде екі қолға бір күрек таппай, жетім бұрышты жағалап жүргендер аз емес. Сөйте тұра
қолымызға бір-екі теңге түссе жалдамалы жұмысшының қызметіне жүгінетін жаман әдетіміз бар. Дәл қазіргі құрылыстың қызған шағында шет елден келіп, жалданып жұмыс істейтін гастербайтерлерді кез-келген ауылдан кездестіруге болады.
Ресми дерек бойынша біздің ел еңбек мигранттарын қабылдау көрсеткіші жөнінен әлемде 9- орында тұр. Үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтеріне қарағанда, Қазақстандағы еңбек мигранттарының саны 700 мыңнан асады. Оның бар болғаны 6-ақ пайызы ресми тіркеліп, заңды түрде жұмыс жасайды екен. Демек, мигранттардың басым көпшілігі ресми тіркелмей, ешқандай салық төлемей еңбек етуде. Егер ресми тіркелген 40 мың адамның ең төменгі жалақысы 60 мың теңге мөлшерінде деп санасақ, келімсектер айына елімізден 2 млрд. 400 млн. теңге қаржы жинайды. Ал шындығында олардың саны 40 мың адамнан әлдеқайда көп екені баршаға белгілі. Бұл дегеніміз – ел экономикасынан қаншама қаражат сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Бұл – бір. Екіншіден, сырттан келіп сазға отырғызып кететіндер көп. Түрлі қылмыстық оқиғалар да келімсектердің қолымен жасалып жатқанын күнделікті өмірде көріп жүрміз. Сондай-ақ сырттан келген жұмысшы ол тек жұмыс күші ғана емес, ол қоғамның мүшесі болғандықтан, өзінің тілін, мәдениетін, ділін, ұстанымын да әкелетінін естен шығармау керек.
Елімізге астыртын және заңды түрде келіп жатқан мигранттардың белгілі кәсіби білімі де, тіпті орта білімі де жоқ десек қателеспейміз. Бірақ оларда білсем, істесем деген талап бар. Көбісі орта мектепті жаңа бітірген жастар. Олар ортаға тез бейімделеді. Тіл меңгеру де қиынға соқпайды. Қолынан келмесе де кісінің көңілін аулауға ынтығып тұрады. Тал түске дейін керіліп жатып алмай ерте тұрады. Есік алдына су сеуіп, айналаны абаттандырып қояды. Осылайша құрылысқа келген «маман» қалайда сіңісіп кету үшін барын салады. Тіпті, білмегенін де жұмыс істеп жүріп үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің еңбекқорлығының, ізденімпаздығының арқасында аз уақытта сіңісіп кетеді. Яғни, келімсектер – еріншек емес. Бірақ, олар тарапынан болатын үлкен қауіп – осы қарқынмен келіп, сіңісе берсе, көп ұзамай-ақ үлес салмағы жергілікті халықты басып озады. Яғни, мигранттардың туу-өсу көрсеткіштері Еуропаның өз халқының көрсеткіштерінен біршама көбірек. Міне, осыдан, алдағы 3-4 онжылдықта Еуропаның өз халқы бірте-бірте аз ұлтқа айналады деген де қауіп бар. Қазіргі еліміздегі демографиялық жағдайымыз, бүгінгі күні Қазақстанға да сол Еуропадағыдай қауіп төніп тұрғанын көрсетеді.
Иә, еліміздегі мигранттар айлап, тіпті, жылдап та өмір сүріп, күнін көріп жүр. Олардың басым бөлігі жалдамалы жұмыспен жан бағып жүргендер болса, тағы біреулері сауда саласының өкілдері. Тіпті арасында қылмыстық топтарға қатысы барлар да жоқ деп айта алмаймыз. Яғни, барлығында қаражат көзі бар. Сондықтан заңсыз мигранттар үшін қатаң шаралар қолданған дұрыс.
Аман ЖАЙЫМБЕТОВ.