Еліміздегі ең ірі жылыжай кешені бізде салынады

Облысымызда ТМД-да теңдесі жоқ жылыжай кешені салынатын болды. Бүгінде еліміздегі ең ірі кешенді салу үшін Келес ауданынан арнайы 500 гектар жер бөлінген. Инвестициялық құны 1,1 млрд. АҚШ доллары болатын жобаны Ресейлік «Эко-культура» компаниясы жүзеге асыратын болады. Осы мәселені нақтылау үшін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев пен «Эко-культура» компаниясының директоры Александр Рудаков арнайы кездесу өткізіп, бірқатар жайды ортаға салды.
Ресейліктер жылыжай салынатын жердің геогра­фиялық орны жобаға қолайлы екенін айта келіп, тек нысанға инфрақұрылым жүйе­сін тарту мәселесін қозғады.
«Қазіргі таңда жалпы құны 1,1 млрд. дол­ларды құрайтын 500 га аумаққа жылыжай кеше­нін салу бойынша келіссөздер жүр­гізіліп жатыр. Бұл кешен–ауданның эконо­микасын көтеретін ауқымды жобаға айнала­ды. Жылы­жай кешені іске қосылса, жаңадан 10 мың жұмыс орны ашылады. Құрылыс жұмыс­тары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Кешен заманауи технологиямен жұмыс істей­­тін болады. Біз «Казахстан Инвест» ком­­пания­сымен осы ауқымды жобаны жүзе­ге асыруға қатысқанымызға өте қуаныш­тымыз», -деді «Эко-культура» компаниясының дирек­торы А.Рудаков.
Облыс басшысы жобаға инфрақұрылым тарту мәселесі алдағы уақытта шешімін тауып қана қоймай, оң нәтижеге беретіндігіне сенім білдірді.
Өңірдегі жылыжай кешені голландық тех­нологиямен жұмыс істейтін болса, маман­дарды арнайы Ресейде ақысыз түрде оқыту жоспарланыпты. Мұнда өндірілетін қызанақ пен қиярдың ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталатыны қарастырылыпты.

«Қазақстан жолы» газеті №23 (749) 22.06.2019жыл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.