ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН КІТАП КӨРМЕСІ ӨТТІ

Отырар ауданындағы Д.Құрманбеков атындағы №20 кәсіптік колледжінде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының жоспарына сәйкес, «1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» атты жылжымалы мерекелік кітап көрмесі өтті.

     Көрмеге  «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалының өкілдері, орталық кітапхана қызметкерлері, аудандық мәслихат дерутаты Асан Аралбай,  бастауыш партия ұйым  төрағалары,  колледж студенттері мен  БАҚ өкілдері қатысты.

     Мерекелік кітап көрмесінде ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы жемісті жолынан сыр шертетін кітаптар мен баспа құралдары жұртшылық назарына ұсынылды. Сонымен бірге Елбасының кітаптары да көрмеден орын тапты.

Салтанатты жиында «Nur Otan» партиясы Отырар аудандық филиалының консультанты Сейілбек Сейітнасыр мерекенің маңыздылығына тоқталды.

 «Бұл мереке тәуелсіз Қазақстанды дамытудағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Сарабдал саясаткер кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері арқылы тоқсаныншы жылдардағы қиындықтарды еңсеріп, елді алға жетелей білді.  Президенттік саяси институт енгізді. Қазіргі таңда Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан табыла білді», – деген ол бұл мерекенің жастарды отаншылдыққа баулуда да маңызы бар екенін атап өтті.

       Кітап көрмесінде орталық кітапхананың  кітапханашысы Мәдина Шәріпбекова  «Елбасы – елдің тірегі» атты баяндама оқыса, Шолпан Жанпейсова  студенттер мен өзге де жиылған жұртшылыққа арнап, кітап көрмесіне шолу жасады. Ел тарихына, тәуелсіздік жылнамасына, ұлт көшбасшысына қатысты дүниелер топтастырылған кітаптармен танысқан қатысушылар көрмеден сергек көңіл-күймен тарқасты.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.