Бекжан ТҰРЫС: Бүгінде жат болып бара жатырмыз

Қазіргі жәдігөй заманның өтірігі бізді қинап жатыр. Жаһандану адамның бет-бейнесін өзгертіп жіберді. Бір ғасыр бұрын шетел саяxатшылары қазақтың руxани тұтастығына қайран қалса, сол қазақ xалқы қазір бір-біріне жат, бірін-бірі түсінбейтін елге айналды. Қайтсем өзгеден артық ақша табамын деп, артық киінемін деп, артық тамақтанамын деп, артық дүние жинаймын деп, бар арман-аңсарын соған арнайды. Осының өзі адамдар арасындағы мейірімді, тілеулестікті жоғалтып, оның орнына бәсеке-бақталастықты, күншілдікті, қатыгездікті қоздырып отыр. Қазақтың бойында бір керемет тектілік бар еді, біз соны жоғалтып алдық. Шыны керек, шыр-пыр болатынымыз да сол ғой, адамдар жалтақ әрі құбылмалы болып кетті.

Бүгінде жат болып бара жатырмыз. Қалай айтсам екен, татулықты қатулықпен ірітіп алған мүлде басқа мәдениетті көшірушіге, басқа өркениетті орнатушы құлға айналдық. Өзінің ұлтына, тарихына, тегіне, әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметі басқа, жаны жаттанған ұрпақ өсіп келе жатыр. Ішінде естілері де бар, бірақ санаулы ғана. Ал қазір естілер кейін қалып, есерлер алға озған біртүрлі заман екенін ескерсек… Сондықтан да ертеңім үшін алаңдайтыным рас.

Біз ұлттық тәрбиеміздің тізгінін босатып алдық. Бұрын бір ауылды айрандай ұйытып ұстап отыратын ақсақалдар болған. Бүгінде айтары бар, сөзі түзу ақсақалдар жоқтың қасы. «Кешегінің арты – бүгінгінің қарты» деп айтатын адамдар санаулы. Содан кейін де шығар Төбе билер төрелік айтатын орынның бәрі төбет үретін жерге айналды.

anatili.kazgazeta.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.