ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА «ҚАМҚОРЛЫҚ» ЖОБАСЫ БАСТАУ АЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен қолға алынған «Қамқорлық» жобасы жүзеге аса бастады. Облыс әкімі тарапынан жүктелген тиісті тапсырмаға сәйкес, өңірдің барлық аудан, ауылдарындағы көмекке мұқтаж жандарды анықтап, оларға нақты көмек көрсетілуде. Аймақ басшысы аудан, қала әкімдері мен облыстық «Nur Otan» партиясы филиалдарына белсенді жұмысқа көшуді тапсырған болатын. Қайырымды іске жергілікті депутаттар мен демеушілер атсалыса бастады.

«Қамқорлық» бағдарламасы аясында Келес, Жетісай, Мақтаарал мен Қазығұрт аудандарындағы тұрмыс жағдайы өте төмен отбасыларға көмек көрсетілуде. Аудан, ауыл әкімдері мен облыстық «Nur Otan» партиясы филиалдарының жетекшілері тұрғындармен жеке жұмыс істеп, олардың үйлеріне арнайы барды. Әр азаматтың талап-тілегі мен мұқтаждығын анықтап, әр отбасына азық-түлік себеттерін табыстады. Тұрғындардың тұрып жатқан үйінің бітпей тұрған тұстарына және айналасындағы тазалық жұмыстарына арнайы еріктілер тобын жұмылдырылды.

Жаңа бағдарлама мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен көмектен бөлек жүзеге асады. Тұрмыс тауқыметін тартқан жандарға жан-жақты қамқорлық көрсету арқылы, кедейлік шеңберінен шығуға мүмкіндік береді. Еңбекке қауқарлы азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасалады. Мұндай отбасыларды анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына ауыл ақсақалдары мен жергілікті белсенділер кірді. Әр ауданда шамамен 100-ден астам отбасы көмекке зәру екені анықталған. Облыс бойынша олардың жалпы саны 2000-ға жуық.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.