Түркістанда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік беретін семинар өтті
Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі мен «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының бірлесіп ұйымдастыруымен Түркістан өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізу бойынша семинар өтті.
Семинар-кеңестің негізгі мақсаты — Өңіріміздегі орталық жəне жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу ісін қайта қалпына келтіру.
Жиынға Агенттіктің өңірлік департамент қызметкерлері, «Түркістан-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері, облыстық ақпараттық-ағарту Штабының мүшелері, арнайы мониторингтік топ мүшелері, БАҚ өкілдері, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары мен докторанттары, қоғам өкілдері, заңгерлер, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында Қазақстандағы парламентаризмді дамыту Қорының президенті, Республикалық Арнайы мониторингтік топ басшысының орынбасары Зəуреш Батталова нормативтік құқықтық акті жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізудің маңыздылығына кеңінен тоқталып, ашық диалогтық сұхбат құрды.
Тыңдаушыларға сараптама жасаудың негізгі қағидалары мен жүйесін, техникасы мен мақсатын, сараптама өткізудің мерзімдері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама қорытындысының құрылымын, мазмұны мен ақпараттың ашықтығына және қолжетімділігінеқатысты құнды ақпараттар берілді.
Сондай-ақ, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының еркін Заңнама институтының ғылыми жетекшісі, Республикалық Арнайы мониторингтік топ мүшесі, заң ғылымдарының кандидаты, адвокат Мереке Ғабдуалиев практика жүзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу процесіне кеңінен тоқталып өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл механизм заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу сатысында ықтимал сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға және жоюға мүмкіндік береді.
Шара соңында қатысушыларға тақырыпты кеңінен түсіндіру мақсатында практикалық жаттығулар ұйымдастырылды.