ҚЫЗМЕТ ДЕГЕН УАҚЫТША НӘРСЕ

ЕСМҰҚАН ОБАЕВ

Қоғамның бүгінгі дертін қаузайтын, жасырын жатқан жарасының бетін тырналап ашатын шығармалар да театр репертуарынан тыс қалмауы керек. Міне, біз сахнаға алып шыққалы отырған «Бақыттың кілті» дәл сондай туынды. Көрермен қалай қабылдайтыны белгісіз. «Обаев қартайғанда өкіметке жағымпаздана бастапты» дей ме, әлде «Тіке айтамын деп таяқ жеп жүретін Обаев өкіметті тағы да жағадан алыпты» дей ме – білмеймін. Кім не десе де, ақиқат біреу: мен оппозиционер емеспін, мен – патриотпын! Бойымда қуатым барда ақбоз атқа мініп, шауып бара жатқан жастардың жолындағы кедергілермен күрескім келеді. Өйткені олар – елдің ертеңі. Олардың шабысы қандай болса, мемлекеттің болашағы да сондай болмақ.

*   *   * 

«Қазақ қайсы?» десе, «міне!» деп ұялмай көрсететін білімді, еңбекқор жігіттерді аяқтан шалмау керек. Оларда патриотизм бар, ұлтжандылық, намыс бар. Қазіргі жастар ішпейді, шекпейді. Бес уақытын қаза қылмайтын ұл-қыздарымыз көп. Олар өздеріне дейінгілердің қателігін қайталамау үшін түзу жүріп-тұрғысы келеді. Ал біз сондай азаматтардың алтын басын көкпарға салуға құмармыз. Жерге бөлеміз, одан қалса руға жіктейміз. Жершілдік дейтін дерт әлі күнге дейін жабысып келеді.

*   *   * 

Ауылдың бүгінгі тіршілігі қалай дегенде Төлен Әбдіковтің «Ұлы мен ұрысы» есіме түсіп отыр. Шығармада журналист ғалымнан: «Айтыңызшы, қазір демократия бар ма?» -деп сұрайды. Сөйтсе әлгі: «Жоқ!» -дейді. «Ауылдың қалы қалай?» -деп сұраса: «Нашар!» -деп қысқа қайырады. Ол айтқандай ауылдың хәлі жақсы немесе жаман деп шорт кесе алмаймыз. Қолынан іс келетін еңбекқор адам ауылда жап-жақсы өмір сүре алады. Мал ұстауыңа болады, жер бар, жайылым бар. Малыңның басын көбейтіп, әрі қарай кең тыныстай аласың. Консерві зауытын аш, сүт зауытын аш. Елге жұмыс бересің, өз жағдайыңды жасайсың. Одан кейін алаңсыз ел аралап, жер көруіңе болады. Үш-төрт сиырыңды сатып, Парижге барып он бес күн жатып келем десең де өз еркің. Қысқасы, еңбек еткен несібесіз қалмайды.

*   *   * 

Сәл қызметі өссе, көкірегін керіп шыға келетін жастар бар. Дәлізде балпаң-балпаң басып, негізгі міндетін ұмытып кетіп жатады. Соларды тезге салып отырамыз. Қызмет деген уақытша нәрсе. Ертең ол орыннан түсіп қалсаң, баяғы орныңа ораласың. Сондықтан қандай істі атқарсаң да, абыроймен істе, сыйлы бол! Қас жинама, дос жи! Көреалмаушылық, күндестік деген адамға тиетін тұмау сияқты өтпелі дерт. Бірақ кейде тұмаудан адам өліп те кететінін ұмытпау керек.

*   *   * 

Талапты жастарға жол ашудың орнына жолдарына кедергіні үйіп-төгеміз кеп. Басқасын қойшы, балалардан әліппені тартып алғаннан не ұттық? Ыбырайдың, Ахметтің жазғанынан артық па екен оқулықтары? Балалардың басын қатырып қойды. Оқушылардың жүктемесі онсыз да аз емес. Болашағы жарқын болсын деп ата-ана баласын үйірмеден үйірмеге сүйреп жүр. Кішкентай немерем қазір бес жерде оқиды. Мектебінен бөлек, ағылшын курсына барады, пәндерден қосымша репетитордан сабақ алады, спорт үйірмелері бар. Әйтеуір не керек, таңғы сегізде кеткен бала үйге кешкі сегізде сүрлігіп әрең жетеді. Әкесі мен шеше­сінің бірі жұмыс істеп, бірі соны әрі-бері тасумен күн өткізеді.

*   *   * 

Оқу ақысын төлей алмай талай шәкіртіміз өнер академиясынан шығып қалды. Әр тоқсан сайын 235 мың теңгеден төлеу оңай дейсің бе? 235 мыңды төртке көбейтсең бір ғана жылдың ақысы шығады. Ал олар сондай соманы төрт жыл төлеуі керек. Көпшілігінің әке-шешесі ауылда 40-50 мың теңгеге қарап отыр. Шалғайда не жұмыс бар дейсің? Қорадағы екі-үш қойы, жалғыз сиырымен жан бағып отырғандар көп. Соның етін, сүтін, майын, терісін өткізіп, бала-шағасын асырап отыр. Ол тоқсан сайын 235 мың теңгені қалай тауып береді?

*   *   * 

Жарнамасы жер жаратын телехикая-ларымыздың да деңгейі төмен. Әрине, тәрбиелік мәні бар, болашаққа бағыт-бағдар көрсететін тағылымды фильмдер баршылық. Бірақ теледидардан беріліп жатқан кейбір дүниелерді көруге ұяласың. Шешесі отырып баласына келін іздейді, момын күйеуі әйелінің айтқанына бас шұлғиды, баласы түкке көңілі толмайтын анасына күнде бір қызды әкеп көрсетеді. Бұл не тәрбие? Айтпақ ойы қандай? Қазақты масқаралау ғой бұл. Ұлтты мазақ ететін бағдарламаларды эфирге жібермеу керек!

*   *   *

Батыстың атыс-шабысты, ырбың-жырбыңды насихаттайтын киносымақтары жұрттың рухани сұранысын өтеп отырған жоқ. Әуелде оның бәрі таңсық боп көрінгені рас. Енді оған деген жиіркеніш пайда болуда. Олардан ешқандай рухани нәр алмайтынын түсінді жұрт. Біртіндеп ондай фильмдер теледидардан аластатыла беруі тиіс. Өйткені олар батыста баяғыда-ақ экраннан түсіп қалған. Сананы бұзу – соғыстан да жаман. Батыстың түпкі мақсаты да сонда жатыр… «Сахна – сананың соғысы» дейтінім де содан. Біздің рухани кеңістігімізді өзгелердің жаулап алмауы үшін «соғысуымыз» керек…

***

Теледидардан беріліп жатқан кейбір дүниелерді көруге ұяласың. Біздің телеарналарды қарап отырсаң, қояншық кім – қазақ, парақор кім – қазақ, надан кім – қазақ. Шеттен келген біреу қонақүйде жатып теледидарды қосып қалса – біттік. Бес минуттық бағдарламаға қарап отырып-ақ: «Масқара екен ғой!» деп кетеді. Қайда келгенмін деп жағасын ұстауы да мүмкін.

Өз еліне барған соң Қазақстан жайлы не айтатынын да шамалай беруге болады. «Қазақтар жемқор, ұры екен, полицияға ешкім бағынбайды, далаға шықсаң, көлік қағып кетеді, ақшасыз аяқ басу мүмкін емес» дейді, басқа не десін?! Мұның бәрін ол ойдан шығармайды, өзіміздің көрсеткенімізді жеткізеді. Ұлтымызды сыйлаудан қалып бара жатқанымыз қынжылтады.

*   *   * 

Жалпы, қазақтың табиғатына театр өнері өте жақын. Қазақтың болмысы театр актеріне ұқсас. Мен үнемі осы позициядамын. Себебі, актер – сенгіш болуы керек, актер – ұялшақ болуы керек, актер – үндемей отырғанмен, көреген болуы керек, актер – сахнада бір көтерілсе, дүниені дүр сілкіндіруі керек. Осы бес қасиет те қазақтың бойында бар. Қазақ бір қопарылса, түгел көтеріледі. Бұл – қазақтың рухани биіктігін көрсетеді. Ондай актерлерді іріктеп алу  оңай шаруа емес.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.