Кәрібай МҰСЫРМАН, Мәжіліс депутаты: … кәсіпкерлерден шамадан тыс ақы талап етуімен де келісу қиын
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы экономикалық дағдарыс кезінде көптеген шаруашылық құрылымдары өз жұмысын тоқтатқан кезде жұмыскерлердің жалақысы туралы құжаттарды жергілікті архивтерге тапсырған жоқ. Соның салдарынан көптеген адам жинақтаушы зейнетақы жүйесі енгізілген 1998 жылға дейінгі еңбек өтілін растай алмай, мардымсыз зейнетақы алуға мәжбүр болды.
Заман өзгеріп, цифрландыру кезеңіне аяқ басқанымызбен, архивтер қызметінің маңызы еш кемімейді. Өйткені, цифрлық технологиялар құнды құжаттардың жоғалмай сақталуына толық кепілдік бермейді.
Біз жуырда «Nur Otan» партиясының өңірлік филиалдарында қоғамдық қабылдау өткізгенбіз. Петропавл қаласының бір нотариусы тұрақты сақтауға жататын құжаттарын қабылдап алу үшін жергілікті архив 300 мың теңгеден астам ақы төлеуді талап еткендігін мәлімдеді. Архив мекемелерінің ақылы қызмет көрсетіп, қосымша кіріс түсіруге және соның есебінен архившілерді материалдық ынталандыруға тырысатындығын түсінуге болады. Өйткені, архив қызметкерлерінің жалақысы әлі де төмен екендігі белгілі. Алайда, мемлекеттік архив мекемелерінің өздері көрсететін қызметтері үшін кәсіпкерлерден шамадан тыс ақы талап етуімен де келісу қиын. Ал жұмыскерлердің жеке істері, еңбек шарттары және жалақылары туралы құжаттардың архивке қабылданбауы алдағы уақытта теріс әлеуметтік салдарға әкеліп соғуы ықтимал екендігін ескермей болмайды.
Abai.kz