АШЫНҒАНДА ШЫҒАДЫ АЩЫ ДАУСЫМ

Жанайқай!

Елдің басына түскен ауыр сын адамзат баласын сансыратып жіберді. Ел тізгінін ұстағандар мен адам жанына арашашы болып жүргендер ел-жұртын осы қатерлі дерттен құтқаруда жарғақ құлағы жастыққа тимей ат үстінде жүр. Қарапайым халық бір Аллаға күндіз-түні жалбарынып, елдің амандығын, дерттің шипасын сұрап, қиындықтарды сабырмен көтеруде. Дәл осындай кезде кейбір таяз ойлы жерлестеріміздің беталды­лықтың батпағына бата бастағаны үлкен өкініш болып отыр. Бір мемлекеттің халқы тұратын өңірдің тынысында есіткен жанның төбе шашы тік тұратын сұмдықтардың орын алуы біздерді ұйқыдан оятар емес. Оның ұлт трагедиясы екенін сезінер емеспіз.

Қараңыз, Түркістан облысының Жетісай қаласындағы көшелердің бірінде полиция қызметкерлері 16 сәуірде, түнгі сағат 21:40 мин. шамасында себепсіз жүрген Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатады. ҚР Президентінің 15.03.2020 жылғы №285 Жарлығына сай полиция қызметкерлері Mercedes-Benz автокөлігі жүргізушісі М.М. деген азаматтан құжаттарын сұрау барысында спирттік ішімдікке сылқия тойған М.М. тәртіп сақшыларының заңды талабын тыңдамай, көліктің алдында тұрған полиция майоры А. мен полиция аға лейтенанты Ә. екеуін автокөлігімен қағып қаша жөнелгенінде машинаның есігін ұстап тұрған полиция майоры Н.Н-ны сүйреп, бірнеше метрге апаруда екі аяғының тізесін жарақаттап кеткен. Оқиға орнынан қашып кеткен М.М. полицияның ізін суытпай, жедел іздестіруі нәтижесінде қала ішінен ұсталады. Медициналық куәландыруға сәйкес   М.М-ның “орта дәрежеде” мас халде болғаны және есірткі қолданғаны анықталған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Шіркін-ай, біздің “Шымкентшелеу” сияқты “жаны сірі, беті қалың” тірлік еш жерде жоқ шығар. “Асықата” ауруханасының №101 қорытындысындағы “орта дәрежелі” мас жазбасын оқыған дәрігерлердің балаларының өзі “тырқыл­дап” күлетіні анық-ақ.

Жастықтың буына берілді дейтін азамат емес, 44 жастағы М.М. өзінің заңбұзушылығымен 2 майор, 1 аға лей-тенанттың “қолына түсіп тұрып”, полицияның үш бірдей офицерін автокөлігімен қағып, сүйреп көшеге тастап кетті дегенге кім сенеді? Бұл сұмдықты “удай мас” адам ғана жасай алады ғой.

Тіпті, редакцияға телефон соққан С. және А. есімді азаматтар Жетісайда 3 полицейді қағып, республиканы дүрліктіріп отырған “бақуатты байшыкештің” жанашырлары тәртіп бұзушы М.М-ны заң аясында жазалау емес, “сүттен ақ, судан таза” етіп шығару үшін мұндағы ел-жұрттың мазасын алып отырғанына қынжылады. Полицейлерді қағып, оларды бір өлімнен қалдырған бұзақы жазаланбаса, бұл елдің ертеңі қандай болады деп сауал қояды.

Ауданның орталығында осындай сорақылықтар болып жатса, ауылдардағы қарапайым жандардың көрген күні не болмақ? Беталдылыққа тоқтам салатын ата-баба жолы қайда? Осылай кете берсе, ел иесіз қалмай ма? Қатаң тәртіпті сақтайтын да, оны талап ететін де уақыт жетті емес пе?

“Итің ұры десе намыстанатын” қазақ білдей азаматтарының беталдылыққа кеткені сонша, елден, елдің заңын сақтаудан қалғандарына да “былқ” етпейтін болғаны ма?

Дене тітіркенетін сұмдық Шымкент қаласында да орын алды. Карантинге байланысты қала көшесінің бірінде қызмет бабымен блокпостта тұрған полиция қызметкерін “Джип” көлігінің жүргізушісі қағып кетті. Автокөлікті тоқтатуға жолға жүгіріп шыққан болса мақұл. Өзге әріптестерімен бірге посттағы тиісті орнында тұрған полицейді бостан-босқа қағып кету деген бұл шектен шыққандық шығар.

Тұрған адамды қаперіне де алмай, зу етіп қағып кете салуға не айтуға болады? Мұндай сұмдықты айтып түсіндіру мүмкін емес. Соның өзінде осы заңбұзушылыққа барған адамды кінәсіз етіп шығару үшін оны жанашырларының шығарған негізсіз байбаламынан түңіліп кетесің.

Біздер жаппай беталдылықты дендетіп жіберудің небір сорақы фактілерін көрсек те немқұрайдымыз. Күні кеше Шымкент қаласына кіруге шектеу қойылған кезде блокпосттарда ауылдардан келгендерді тоқтатқан полиция қызметкерлеріне кейбір таяз ойлы жерлестеріміздің, әсіресе оның ішінде әйелдердің айтқан бейауыз сөздері мен балағаттауын есіткенде төбе шашыңыз тік тұратын еді. Осындай сұмдықтан кейін кейбір блокпосттарға әскери қызметкерлерді апаруға тура келді.

Мемлекет билігі елдің амандығы үшін соншама қыруар жұмыс істеп жатқанда біздің жерлестеріміздің ішінен пендешілікке берілген кейбір пақыр ойлылардың көрсеткен өрескелдігі руханият әлемін ашып тастағандай болды. Демек, бізде елдің ішкі тәртібін беталдылыққа жіберіп қойғанымыз анық байқалады.

Қатерлі дерттен сақтану жөнінде елімізде күндіз-түні қыруар жұмыстар жүргізілді, әлі де жүргізілу үстінде. Сонша беталдылыққа (эгоизмге) кетіп қалғандық – әр адамның жеке өміріне, бүкіл елімізге керекті сақтық шараларына немқұрайдылықпен қарауды көрсеттік. Облыстың Бәйдібек ауданының Боралдай ауылында Х. отбасының Түркиядан оралған қызы ауылға дене қызуының көтерілуімен келеді. Қызы ауырып жатқанын қаншама айтса да, оның анасы “Жедел жәрдем” шақыртқызбайды. Қызды дәрігерге апарып көрсетпей, үйінде  ұстайды. Ауру қыз төртінші күні демала алмай қалған кезде ғана “Жедел жәрдем” шақыртады. Қыз коронавируспен ауырған болып шығады. Қатерлі дерт отбасы мүшелеріне жұқпады дейсіз бе? Бүгінде ауыл карантинге жабылды. “Бір қатынның кесірі қырық есекке жүк” дейтін осындай болатын шығар.

Парасаттан, имандылық пен инабаттан айырылдық. Бәріміз шетімізден “данышпанға” айналдық. Рухани азғындықты кәдуілгі өмір тынысындай қабылдайтын болдық. Беталдылықтың шегіне шыққанымызды көрсеттік.

“Оян, қазақты” айтатын уақыт енді келген шығар.

Ә.МҰРАТБЕКОВ.

Сурет әлеуметтік желіден алынды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.