ОБЛЫС ӘКІМІ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚБҰЗШЫЛЫҚТАРЫНА ҚАТЫСТЫ БІРІНШІ БАСШЫЛАРҒА ҚАТАҢ ЕСКЕРТУ ЖАСАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті.

«Бағынысты қызметкерлер арасындағы сыбайлас жемқорлық үшін Бірінші басшылардың жауапкершілігі» тақырыбы аясында өткен келелі кездесуге комиссия мүшелері және бейнебайланыс арқылы қала/аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшылары қатысты.

Комиссия отырысында Мемлекет басшысының Жарлығымен   ұжымдағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі міндетін жүйелі түрде орындамағаны үшін бірінші басшылардың жеке  жауапкершілігі қаралатыны туралы заңнамаға өзгерістер енгізілгендігі және бұл өзгерістердің сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес саласына жаңа бетбұрыс  алып келгендігі ортаға салынды.

Жиын барысында өңір басшысы Ө.Естайұлы заңмен бекітілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, қарамағындағы мемлекеттік қызметкерлер мен аудан/қала әкімдеріне сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға жол бермеу керектігін қатаң ескертті.

Жиында сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев қоғам індетімен күрес шаралары әрбір мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыт болу қажеттігін негізге алып, заң шеңберінде адал қызмет етуге шақырды.

Сондай-ақ, алқалы жиында Түркістан облысын сыбайлас жемқорлықтан азат таза мекенге айналдыруда  «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің айрықша маңызға ие екендігі атап өтіліп, жобалық кеңсемен қолға алынған жобалардың  ашықтықты қамтамасыз етудегі тиімділігі сөз болды.

Айта кетсек, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында облысқа қарасты жалпы саны 59 мекеме «Open space» форматына көшіріліп,  бүгінгі күні мекеме басшыларының бірінші қабатта қызмет етуі арқылы өңір тұрғындары ашық байланыс орнатуға мүмкіндік алып отыр.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.