ҚЫЗЫЛ БҰРЫШ МАЙЫ

Кәдімгі ащы қызыл бұрыштан дайындалған жақпамай түрлі буын ауруларында, құяңда, бұлшықеттің қабынуында (миозит), жүйке талшықтарының қабынуында (невралгия), сарып ауруында (ревматизм) жақсы көмектеседі.

Жақпамайды дайындау үшін 10 дана қызыл бұрышты жуып, артық шөбінен тазалап, еттартқыштан өткізу керек. Шамамен жарты стақандай шығады. Оны бір литрлік банкіге салып, үстінен 2 стақан өсімдік майын құйыңыз да, бетін жауып, қараңғы жерге, мәселен шкафтың ішіне қойып қойыңыз. Бір аптадан кейін алып, дәкенің көмегімен сүзіп алыңыз. Бұрыштың қоюын тамаққа пайдалануға болады, ал сүзілген майын жақпамай ретінде қолданасыз.

Бастапқыда майды ауырған жерлерге күніне бірнеше мәртеден жағу керек. Майды жаққан соң, жылы киініп алыңыз. Әрине, бұдан кейін май жағылған жерлер қызып, ашытуы мүмкін. Бірақ, ол соншалықты төзгісіз емес, тіпті кей адамға жағуы да мүмкін. Себебі, бұрыш майы денені қыздырғанымен, теріні күйдірмейді.

Жақпамайды шамамен бір-екі ай жаққаннан кейін тоқтатуға болады. Ал егер ауа-райының өзгеруіне байланысты буындарыңыз қайта сырқырай бастаса, аптасына бір рет жағып тұруға болады, соның өзі жеткілікті.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.