КЕШІРЕ БЕРУГЕ НЕГЕ ҚҰМБЫЛМЫЗ?

Әлеуметтік желінің әлеуеті артқан заман. Тәрбие құралы деуге де болады. Себебі еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін барлығын осы әлеуметтік желіден табуға болады. Ол жерде «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмаған соң жұрт білгенін жазады, ойына келгенін істейді.

Ерсі қылықтарды жасап, шектен шығады. Негізі көпшілікке жол тартқан кез келген дүние саралау мен сараптаудан өткені абзал, ал кім көрінгеннің шалажансары халыққа ұсынылмауы қажет. Шырпы жақсаң, тұтануға шақ тұрған қазіргі қоғамда желілерде желдей ескен түрлі қауесет пен гу-гу, арандатудың артуы – ақиқатын айтсақ, алаңдатады.

Ойына келгенін істемегенде қайтсін? Кешірім сұрап құтылуға болады емес пе? Жалған ақпарат таратып, я болмаса жа­лаңаштанып, ұлттық киімдерді қорлап, қазақтарды мазақ етіп, аузына келгенін айтып, қазақ қызын қорлап, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын мазақ етуге әбден болады. Тек ертесіне «Барша қазақстандықтардан кешірім сұраймын!» деп бейнежазба түсірсе салсаң болғаны. Есесіне оқырмандар санын көбейтіп, бір «хайп» жасауға болады.

Желінің ойсыздары елді шулатудан жалығар емес. Ендігі кезек Алаш зиялыларына да келіп жетті. Абай мен Ыбырай, Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановты мазақ қылу арқылы қазақ халқының намысын аяққа таптайтын бейнежазбалар пайда болды. Оны көп адамдар көріп, қолдап, жастар болса “лайк” басып, күлкіге айналдыруда. Бұл барып тұрған ұлттық намысты, қазақ халқын қорлау ғой!

Қазақтың болашағы үшін, тәуелсіздігі үшін жанын қиған Әлихандарды бүгінгінің «мұрынбоқтары» мазақ видео жасап, надандықтың шыңын көрсетті. Әлгі видеоға Әлихан атамыздың жай суретін емес, ату жазасына кесілмей тұрып түрмеде түскен соңғы суретін пайдаланған. Әлихан мен Ахметтер біздер үшін атылып кетті. Абай атамыз надан ұрпағын ояту жолында қара сөз жазып қам жеп еді. Ал бұл дегенің нағыз ұлттың ұлыларына жасалған қастандық, зұлымдық.

Әрбір намысты қазақ бұл жағдайға бей-жай қарамайтыны анық. Сондықтан кезекті жастардың еркелігі деп кешіре салып, тағы да қайталануына жол бермей, заң аясында қатаң жаза қолданылсын!  Бұған қалайша үндемей қаламыз? Әлеуметтік желіге жариялаған адамды жауапқа тарту қажет. Шөп те, аң да, құс та қорғалып жатыр. Ал ұлы тұлғаларымыздың атын кім қорғайды?! Үкімет тарапынан екінші мұндай жағдай қайталанбайтындай шаралар қабылдануы қажет.

Ұ.Өскен.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.