ТҮРКІСТАН: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ӨКІЛДЕРІ ОБЛЫСТАҒЫ ТӘРТІП САҚШЫЛАРДЫ АДАЛДЫҚҚА ҮНДЕДІ
Бүгін Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен келген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан құрылған ақпараттық-үгіт насихат Штабының төрайымы Ырза Тұрсынзада мен Агенттіктің Парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы Полиция департаментінің ұжымымен кездесті.
Келелі кездесуге Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Хаким Көшқалиев, облыстық Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков пен жеке құрам мүшелері, сондай-ақ қалалық/аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Мақсатты кездесудің негізгі мақсаты — тәртіп сақшылары арасында адалдық пен ар тазалығы, туралық пен парасаттылық қағидаларын кеңірек насихаттау арқылы халықпен сындарлы сұхбат құру.
Алқалы жиын барысында сөз алған Ғанижан Асанұлы құқық қорғау орган қызметкерлерінің мемлекет алдындағы айрықша жауапкершілігін алға тартып, бүгінгі күні заңды күшіне енген сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар реформалармен және Агенттіктің тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сондай-ақ, Республикалық Штабтың төрайымы Ырза Тұрсынзада құқық қорғаушы қызметшілердің халыққа адал қызмет ету қажеттігін айрықша атап өтіп, қоғам індетіне қарсы тұру арқылы жоғары деңгейге адал еңбекпен жетуге болатынын баса айтты.
Бұдан бөлек, республикалық/облыстық Штабтың құрылу мақсаты мен міндеттеріне тоқталып, жемқорлыққа қарсы іс-қимылды тиімді жүргізуде халықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығын түсіндірді.
Шара соңында Полиция департаменті басшылығы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жзеке құрам арасында ағарту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп отыратынын жеткізді.