Индуизм

Индуизм – осыдан 5 мың жыл бұрын Индияда пайда болған дін. Бұл діннің Индуизм деп аталуының себебі, біздің эрамыздың 1200 жылдары. Индияны мұсылман жаулаушылары үнді діні мен мұсылман дінінің арасындағы айырмашылықты көрсетуден туындаған. Бұл дінді ұстанушылардың жалпы саны жер бетінде 700 миллионнан асады. Оңтүстік Азия елдерінде (Үндістан жұртшылығының 83%-ы, Непалда, Шри-Ланкада, Бангладеште индуизмді ұстанады. Оңтүстік-Шығыс Азия (Малайзия, Индонезия, Сингапур) мен Африканың кейбір өңірлерінде де аздап таралған. Индуизм дінінің ерекшелігі, мұнда құдайлардың саны өте көп, бәріне ортақ бір құдай жоқ. Діннің негізін салушы да, белгілі пайғамбары да жоқ, бірақ көптеген жеке білімдерді таратушы, рухани ұстаздар бар. Бір ортақ қасиетті кітап жоқ, оның орнына әр бағыттың негізі болып саналатын жазбалардың беделі өте күшті. Бұл дінде жалпы мойындалатын сенім символдары мен талаптары болмағанымен, индуистердің дүниетанымында ерекше орын алатын ұғымдар (дхарма, карма, сансара, мокша, Брахман, атман, варна, каста т.б.) бар. Индуизмде құдай тұжырымдамасы әртүрлі, себебі бұл дінде Үндістанда ғасырлар бойы жинақталған жазбалардың барлығын өзінің қасиетті кітаптары ретінде қабылдаған, сондықтан да осы кітаптарда аталған 33 құдайдың (11-і аспандағы, 11-і ауадағы, 11-і жердегі) бәрі индуизмде мойындалады. Брахман – әлемді жаратушы, бастапқы бірліктің барлық тірі және өтпелі шындықтың мәңгілігін жүзеге асырушы. Бірақ Брахманға онша сыйынбайды, оған арналған храмдар саны да санаулы ғана. Индуистердің көпшілігі Шива мен Вишнуға табынғандықтан, шиваиттер мен вишнуиттер болып екіге бөлінеді.

Шиваның негізгі қызметі жою және өзгерту, сонымен қоса ол – өмірлік күштің және еркектік бастаманың иесі. Шиваға Лингама формасында еркектік өмір жасаушы бастама ретінде табыну өте көп таралған. Шива перілерге қарсы күрестерде ерекше батылдық көрсеткендіктен, оны көбінесе қатал жоюшы ретінде қабылдайды. Бұл ипостасында Шива ырғақ пен би құдайы да болып келеді. Бидің қозғалысындағы Шиваның төрт қолы оның құдіреттілігі мен мүмкіншіліктерін бейнелейді. Қастарының ортасындағы үшінші көз де жоюшылық күшті білдіреді. Индуистер, әсіресе шиваиттер, Ұлы Шиваға өте көп функцияларды таңады. Соның бірі шакти – Шиваның өзінің бөлек рухани энергиясы. Шакти тек қажетті жағдайларда ғана көрінеді. Индуистердің түсінігі бойынша шактидің көмегімен адам өзінің негізгі мақсатына, мокшаға (жанның туу мен өлім тізбегінен босатылуы) жетеді. Шактиді киелі әйелдік бастама Шиваның зайыбы Шакти құдай деп қабылдайды. Бұл Шактидің көрінісі ретінде көптеген әйел құдайлар пайда болды. Солардың ішінде Дурға мен Калиге сыйынушылар өте көп.Вишну – индуизмдегі сақтаушы қызметіндегі құдай. Ол қарапайым және адамдарға өте жақын. Оның зайыбы Лакшми құдай нәзік әйел махаббатының бейнесін символдайды. Вишнудың аваторлары (басқа құдай түріндегі көріністер) өте көп. Төрт бейнеде ол жануар болып көрінеді. Вишнудың қалған белгілі бес аваторлары: Парашурама, Рама, Кришна, Будда және болашақта келетін Калка құдайы болып есептеледі. Будданы Вишнудың аваторы ретінде қабылдау буддизмнің индуизм жүйесіне кіргізілгенін көрсетеді. Рама – “Рамаяна” поэмасындағы патшаның ұлы, тақтың мұрагері, батыр бейнесі. Халықтың санасында ол құрметке бөленіп, Раманың, Вишнудың аваторына айналған. Ал тағы бір белгілі эпостық жырдың кейіпкері Кришна да Вишнудың аваторы болып есептеледі.

Шымкент қаласы дін істері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша  
«МӘҢГІЛІК ЕЛ» қоғамдық бірлестігі әзірлеген

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.