«ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ЖҰМЫСЫН БАҚЫЛАЙТЫН ЖҮЙЕ АЛҒАШ РЕТ ТҮРКІСТАНДА ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
«Халықты жұмыспен қамту орталығының» жұмысын бақылайтын бірегей жүйе елімізде алғаш рет Түркістанда іске қосылды. Өңір басшысы Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен Түркістан қаласында орналасқан «Халықты жұмыспен қамту орталығы» қызметкерлерінің алдына бейнекамералар орнатылған. Аталған жүйе жұмысымен таныстыру мақсатында бүгін БАҚ өкілдеріне арнайы пресс-тур ұйымдастырылды.
Орталықта 18 бейнекамера дауыс жазу құралымен қабылдау бөліміне қойылған болса, 10 бейнебақылау камераға жасанды интеллект жүйесі қойылған. Заманауи бейнебақылау жүйесі арқылы қызмет алушы мен қызмет беруші арасындағы сұхбат онлайн режимде http://www.turkistan2020.kzсайтында көрсетілетін болады.
Тиісті мамандар қызмет алушылардан әңгіменің жазылатыны және онлайн форматта кез келген азаматтың көре алатыны жайында алдын ала ескертіп, рұқсаты алынады. Негізінен облыс орталығында «Халықты жұмыспен қамту орталығында» 2 ауысыммен 18 қызметкер жұмыс атқарады. Әдеттегі күнделікті қабылдау қабілеттілігі 120 тұрғын, карантин кезеңінде 45 тұрғын. Орталықта мемлекеттік 8 қызмет түрі көрсетіледі.
Сондай-ақ, 2020 жылдың 20 қарашасынан бастап іске қосылған «109 — бірыңғай байланыс орталығында» қазіргі таңда 10207 өтініш қабылданып, оның 10141-і шешімін тапқан. Қалған 66 өтінім бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Тұрғындардың шағымын қабылдайтын заманауи техникалармен жабдықталған орталық мамандары түркістандықтарға жайлылық жасау мақсатында тәулік бойы қызмет көрсетеді.
Шағым-өтінімдер жарық, газ, жылу салалары бойынша ең жиі қолданылатын барлық әлеуметтік желі құралдары және тегін қоңырау шалу арқылы қабылдануда. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповтың айтуынша, қабылданған өтінімдердің 25-30 пайызы түсініктеме-нақтылама жұмыстарын қажет етеді. Баспасөз конференциясын өткізген қала әкімі журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өзекті мәселелердің шешімін табатындығын сөз етті.
Айта кету керек, алдағы уақытта жергілікті атқарушы органдарға келу қажеттілігін азайту және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында облыс аумағындағы барлық қала-аудандарда «109 — бірыңғай байланыс орталығы» ашылатын болады. Қазіргі таңда жүйе халықпен кері байланыс орнатуда тиімділігі жоғары екендігін аңғартып отыр.