2020 жылдың желтоқсан айының соңында Түркістан облысының жергілікті әскери басқару органдарында әскерге шақыру науқаны аяқталды. Науқан барысында Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға аймақтан 4 мыңнан астам адам жіберілді. Осыған байланысты қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев жыл қорытындысын шығарды.
Онда өткен жылы әскери шақыру жоспарының жүз пайыз орындалып, сондай-ақ шақырылушылар мен әскери қызметшілердің коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыруын болдырмауға мүмкіндік беретін санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың өз уақытылы жүргізгендігі айтылды.
Сонымен қатар, жоғары білімді әскерге шақырылушылар мен облыста жұмыс істейтін әскери-патриоттық клубтардың қабырғасында оқу мен шыңдаудан өткендердің саны артқан. Атап айтқанда, тек 2020 жылдың күзгі науқанында жоғары білімі бар 180-ге жуық азамат әскер қатарына алынған.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, 2021 жылы шақыруды сапалы ұйымдастыру жөнінде нұсқаулар берді. Қызметтегі жоғары көрсеткіштері үшін үздік басқармалар мен бөлімдер, жекелеген әскери қызметшілер мен қызметшілер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.
