Кәрібай Мұсырман, Мәжіліс депутаты: Сөз түзелмей жатқанда, сондай сөз бұзғыштар көбейіп кетті

Негізгі мамандығы мұғалім болса да бұқаралық ақпарат құралдарында біршама жыл журналист болып істеген кейбір азаматтардың мектепке оралып, ұстаздық қызметтеріне қайтадан кірісіп жатқандығын естідім. Бұл ненің белгісі? Ұлы ақын Мағжан айтып кеткен­дей, алты алаштың баласы бас қосқан жерде төр – мұғалімдікі болған заман қайтадан орнап жатқан болар, сірә.

Екінші жағынан алып қарағанда, бұл –сөз қадірі кетіп, қазақ журналистикасының пірі – Шерхан аға айтып кеткендей, арқалағаны – алтын, жегені – жантақ болған түйе жарықтықтың күйін кешкен қалам иелерінің жағдайы нашарлай түскенінің айғағы сияқты. Негізінде, о бастан журналистер – бұқаралық ақпарат құралдарында, ал мұғалімдер мектепте алған мамандықтарына сай қызмет атқаруға тиіс еді ғой.

Әрине, олардың ішінде мұғалімдікті жаңылысып таңдаған, бойында керемет журналистік дарыны бар адамдардың кездесіп қалатындығы да рас. Бірақ ондайлар өте сирек. Алайда көбінің бойына әу бастан сөз өнері қонбағандықтан, журналист ретінде жұлдызы жарқырап жана қоймайтыны анық. Енді ондайлар мұғалімнің жалақысы өсіп, мәртебесі көтеріліп жатқандығын көріп, ойлана бастаған болуы керек.

Әлеуметтік желілердегі шаласауатты блогерлерді айтпағанда, кей ақпарат құралдарында грамматикалық, стилистикалық қате өріп жүретіндігі, өздерінше шешенсіген телерадиоарна жүргізушілерінің сөзді бұрмалап сөйлеп, халқымыздың тіл мәдениетіне нұқсан келтіріп жатқандығы жасырын емес. Сөз түзелмей жатқанда, сондай сөз бұзғыштар көбейіп кетті.

jasqazaq.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.