ТҮРКІСТАНДА ТЕҢДЕСІ ЖОҚ «FARAB» КІТАПХАНАСЫ АШЫЛАДЫ

Түркістан қаласындағы «Farab» жаңа кітапханасы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес көпфункционалды білім кешені болып жасақталуда. Елімізде теңдесі жоқ жаңа білім алу мекені заманауи технологиялармен жабдықталған жастар орталығына айналмақ. Аймақ басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананы аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

«Бұл орталық білім алып қана қоймай, шығармашылық пен шабытты ұштастырып, бірегей жобаларды жүзеге асыратын кешен ретінде барша кітапқұмар қауымның сүйікті мекеніне айналары сөзсіз. Ол үшін барлық жағдай жасалады»,-деді облыс әкімі.

Үш қабатты шығармашылық шаңырақ әртүрлі аймақтарға бөлінген. Оқу залдары мен кітап сөрелері іріктеліп, орнатылған. Ең жоғарғы әрі жарық қабатында үлкен кітапхана жайғасқан. Онда Қазақ елінің атақты қайраткерлері мен қаламгерлері мен әлемнің үздік ақын-жазушыларының әр жылдары жазылған туындылары, естеліктері мен күнделіктері жиналуда.

Екінші қабатта алуан түрлі студиялар, шеберханалар мен қолөнер дүкендері орын алды. Бұл жерде кез-келген оқырман үшін кітаптан шабыттанған дүниелерді өз қолымен жасап шығаруға мүмкіндік бар. Бірінші қабатта Fab-lab орналасқан. Мұнда кітапқұмар қауым бір-бірімен кездесіп, бас қоса алады. Жаңа туындылардың тұсауын кесуге барлық жағдай жасалған. Төменгі қабатта ғылыми-зерттеу орталығы, яғни негізгі кітап сақтау қоймасы орналасқан. Бұл жерде өте сирек кездесетін кітаптар мен монускриптілер сақтаулы. Сонымен қатар, мұндағы үлкен зерттеу орталығы құнды дүниелерді сақтап қалу үшін оларды қайта қалпына келтіріп, цифрландырады.

Ұйымдастырушылардың ойынша, Әл-Фарабидің музыка туралы трактатын оқығаннан кейін, адам өз туындысын немесе тіпті музыкалық шығармасын жасауға шабыт алуы мүмкін. Сонда Fab-lab-тағы заманауи технологияларды қолдана отырып, өнер туындысын жарыққа шығарып, тіпті жаңа музыкалық аспапты ойлап таба алады. Ол үшін осында дыбыс жазу студиясы орналасқан. Орталықта би ұжымымен бірге өз қойылымын ойлап тауып, оны осында орналасқан кино-концерт залында көрсетуге немесе атриумда таныстыруға болады. Осылайша, жаңа кітапхана шығармашылық арманның жүзеге асуына толық мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, кітапхана ғимаратында жаңа туындылардың тұсауын кесуге арналған жаңа үлгідегі шығармашылық залы, кәдесыйлар дүкені және кездесулерге арналған жайлы кофехана бар. Мұнда басқосу студиясы- коворкинг, компьютерлік сынып, фото және бейнетүсірілімге арналған мультимедиа залы бар. Бұл – әсіресе блогерлер, фотографтар мен дизайнерлер үшін пайдалы орын болмақ. Кітапханада 3D модельдерін жасауға арналған проекциялық бөлме, каллиграфия және өнер студиясы, қыш құмыра жасауға арналған шеберхана бар. Балалар залында оқудан басқа робототехника бойынша сабақтар өтеді. Ескі кітаптардың, қолжазбалар мен құжаттардың мұрағаты ұсынылады.

«Ғылыми-зерттеу тұрғысынан кітапхананың мақсаты – барлық құжаттарды, куәліктерді және басқа да маңызды материалдарды бір жерге жинау. Осыған дейін мұның бәрі әр жерде сақталып келген. Мысалы, 1872 жылы Түркістан үлкен туралы альбом шетел асып кеткен. Онда жергілікті шейхтер мен билеушілерден көптеген заңды құжаттар жинағы болатын. Қазір мұның бәрі Санкт-Петербургтегі шығыстану мұражайында сақтаулы. Құжаттардың үлкен көлемі Ташкентке археология орталығына жеткізілген. Олардың көпшілігі жеке тұлғалардың қолында, олардың бірі зерттеуші Шаховцов болып саналады. Осылайша, көптеген зерттелмей қалған дүниелер жетеді. Жаңа кітапхананың міндеті – бұл құжаттарды бір жерге жинап, оқырмандар мен ғалымдарға қолжетімді ету. Ол үшін барлық ақпарат сандық форматқа ауыстырылады»,-дейді кітапхана жобасын тұжырымдамалық әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Айко Токен.

Екінші тарихи міндет – ескі құжаттар мұрағатын жинап, сақтау. Ол үшін ерекше жағдайлар мен сыртқы факторларды бақылау қажет. Мұндай құжаттарды тотығуға қарсы жабдығы бар арнайы цех қалпына келтіреді. Айта кетейік, бұл – Орталық Азиядағы жалғыз цех. Үшінші маңызды бағыт – жасанды зердені пайдалана отырып, тарихи кітаптар мен материалдардың үлкен дерекқорын қалыптастыру. Fab-lab – бұл үлкен өндіріс зертханасы. Бес машинаның қарапайым жиынтығын қолдана отырып, кез-келген адам ойындағы дүниенені, сәндік заттардан компьютерге дейін жасауға толық мүмкіндіктер бар.

Заманауи білім орталығының жұмысымен танысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Қолға алынған жұмыстарды белгіленген кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.