ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 8 АДАМ СУ АЙДЫНДАРЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН

Түркістан облысы аумағындағы ең өзекті мәселелердің бірі — суға шомылу маусымы алдында және оны өткізу кезеңінде адамдардың су нысандарында қаза болуы. Өңірде ауа райының қолайлы болуына байланысты шомылу маусымы сәуір айынан басталып, қазан айына дейін жалғасады. Биылдың өзінде жыл басынан облыстың су айдындарында 8 адам қаза тапты. Оның ішінде 6-ы кәмелетке толмаған балалар. Бұл туралы брифингте Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда қайғылы оқиғалар саны 37,5%-ға артқан. Сондықтан ата-аналарға мұқият болуға үндеді.
«2019 жылы облыстағы су айдындарында 65 адам қаза тапты, оның ішінде 26-сы балалар. Ал 2020 жылы 47 адам суға тұншығып қайтыс болса, оның ішінде 24-сы балалар. Биылдың өзінде жыл басынан 8 адам суға кетіп отыр. Суда қаза болудың негізгі себептері: ішімдік ішу, балалардың ата-анасының қарауынсыз болуы, қауіпсіздік ережелерін бұзу», — деді Ерік Темірханұлы.
Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына және ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды қараусыз қалдырмауды, оларды су айдындарына жалғыз жібермеуді, шомылу орындарында алкогольдік ішімдіктерді пайдаланбауды ескертеді.
Ал көктемді су тасқынын алдын алу жұмыстары бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс аумағында 64 700 құм салынған қап, 4 324 тонна инертті және 70,8 тонна жанар-жағармай материалдары дайындалған. Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасымен облыс аумағында 20 ақпаннан бастап 20 наурызға дейін жаппай су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы өткізілді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.