Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыреттілігі кеңейді

Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Брифингте қолданысқа енген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша құзіретін бекітетін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген бірқатар өзгерістер баяндалды.
Атап айтсақ, Агенттікке 15-бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілді, оның ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658, 662, 665, 667-баптары) бар.
Өз кезегінде Мирас Асқарбайұлы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген немесе оған теңестірілген тұлғалардың жауапкершілігіне қатысты енгізілген өзгерістерді хабарлап, бұдан былай өзі немесе делдал арқылы заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді ұсынған адамдардың пайдасына әрекеттері (әрекетсіздігі) немесе жеңілдіктер беру үшін, егер мұндай әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса лауазымды тұлғаға 600 айлық есептік көрсеткіш немесе 1,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынуы ықтимал екендігін жеткізді.
Айталық, егер алынған заңсыз сыйақы немесе сыйлық сомасы 2 айлық есептік көрсеткіштен (5 834 теңге) аспаса және алдын ала уағдаластық болмаса немесе сыйақыны қорқытып алу деректері орын алса, онда мұндай құқық бұзушылық қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқпайды және әкімшілік тәртіппен жазаланатын болады.
Сондай-ақ, спикер заңнамада сыйлықтар беруге және алуға толық тыйым салынған норма өткен жылдың соңында қолданысқа енгізілгенін, соған сәйкес қазақстандықтар заңсыз материалдық сыйақы бергені үшін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін екендігін мәлімдеді.

Сыйақылар, сыйлықтар немесе жеңілдіктер бергені үшін жеке тұлғалар ӘҚБтК–нің 676-бабы бойынша 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, бұл шамамен 600 мың теңгені құрайды.
Егер мұндай сыйақы немесе сыйлық заңды тұлға тарапынан берілетін
болса, онда мұндай әрекет ӘҚБтК-нің 678-бабы бойынша сараланып, айыппұл көлемі 750 АЕК-ке дейін өседі, бұл 2 млн. теңгеден астам қаражатты құрайды.
Сонымен қатар, мұндай құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайта жасалған жағдайда, заңды тұлға екі есе, яғни 1500 АЕК немесе 4,5 млн.теңге төлейтін болады, — деп атап өтті Мирас Қарғабай.
Брифинг соңын қорытындылаған Департамент басшының бірінші орынбасары БАҚ өкілдері арқылы өңір тұрғындарын мемлекеттік қызметшілерге және оларға теңестірілген тұлғаларға мемлекеттік және басқа да қызметтер көрсеткені үшін алғыс білдірудің заңға қайшы әдетінен бас тартуға шақырды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.