ТҮРКІСТАН: ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУҒА КЕЛГЕН СПОРТШЫ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНА ӨТУГЕ ӨТІНІШ БЕРДІ

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде кезекті қабылдау өтті. Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Асқар Кенехан ауыл тұрғындарының арыз-шағымдарын тыңдады.
Қоғамдық қабылдауға еркін күрес, волейбол, шағын футбол және жеңіл атлетика спорт түрлерін меңгеріп, республикалық додаларда жеңіске жеткен Динара Шабилова келді. Кезінде Қазақстан чемпионаты мен жазғы универсиада ойындарында жүлдегер болып, спорт шебері атанған өзекті мәселені қозғады. Оның айтуынша, өзі бапкер болып қызмет атқаратын Ағыбет ауылы округіне қарасты, Жаңаталап елді мекенінде жаттығуға арналған күрес кілемін алуға демеуші қажет. Сонымен бірге сол елді мекенде жаттықтырушының штаты қысқартылып жатқанын жеткізді.
Депутат Асқар Кенехан тұрғынның өтініші бойынша балуандар күресетін спорттық боз кілемді алып беріп, демеушілік жасады. Сонымен бірге «жаттықтырушы штаты қысқартылып жатыр» деген мәселені де назарға алып, бапкер жұмысын жалғастыратын болды. Өтініші орындалған спортшы депутатқа ризашылығын білдіріп, «Nur Otan» партиясы қатарына қабылдануға өтініш берді.
Қоғамдық қабылдауда Ағыбет ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Д.Игібаеваның өтініші де қараусыз қалмады. Алдағы келе жатқан мамыр айында тұрғын үйін жөндеуіне қаржылай көмек берілетін болды.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.