«А» вирустық гепатиті деген не?

«А» вирустық гепатиті деген не? Ол-вируспен қоздырылатын жұқпалы ішек ауруы.
Вирус адам  ағзасына ауыз арқылы тағаммен, лас қолдармен,  ластанған тұрмыстық заттарды қолдану кезінде, вируспен ластан-ған суды ішкенде немесе сол сумен жемістер, көкөністерді жуып жегенде түседі.
«А» вирусты гепатитіне мектепке дейінгі жастағы және бастауыш сынып балалары жиі шалдығады. Бұл олардың балабақшада, алаңда, мектепте құрбыларының арасында ұзақ уақыт болуына байланысты. Егер бір бала ауырса, дерттің басқаларға жұғуының ықтималдығы аса зор. Аурудың қыркүйек айында шарықтау шыңына жетуі де осыған байланысты. Ауру бірден білінбейді, вирусқа шалдыққан бала демалыстан кейін мектепке немесе балалар бақшасына барғанда анықталып жатады.
Аурудың жасырын кезеңі 35-50 күнге дейін жалғасады. Бастапқы кезінде науқастар іш ауыруына, жүрек  айнуға, құсуға, әлсіздікке, тәбеттің төмендеуіне шағымданады,  науқастардың зәрінің түсі қоңырланады, нәжіс ағарады. Көз қабығы және терісі сарғаяды. Егер сіз өзіңізде немесе балаңызда осы аталған белгілерді байқасаңыз, дереу дәрігерге көрініңіз.
Бұл ауруды «лас қолдардың ауруы» деп жиі атайды. Шын мәнінде, гигиена ережелері сақталмаса, дәретханадан кейін қолды мұқият жумасаңыз, сіз өз денсаулығыңызға қауіп төндіресіз.
«А» вирустық гепатитін алдын алудың ең сенімді тәсілі- вакцинация. Вакцина 2 жастағы балаларға және «А» вирустық гепатиті ошақтарында қарым-қатынаста болған 14 жасқа дейінгі балаларға қарым-қатынастан кейін алғашқы 2 аптада, созылмалы «В», «С» вирустық гепатитімен ауырған 14 жасқа дейінгі балаларға ремиссия кезеңінде егу жүргізіледі. Вакцина егу 2 рет, арасына 6 ай салып жүргізіледі.  Бірінші екпеден кейін 10 күн өткен соң вакцина егілгендердің кемінде 99 пайызында  вирусқа тұрақты иммунитет дамиды. «А» вирустық гепатитке қарсы екпені барлық жергілікті емханалардан  алуға болады.
Есіңізде болсын, «А» вирустық гепатиті ауруынан қорғану үшін:
1. Тек қайнаған немесе бөтелкедегі суды ішу қажет. Су ішуге жеке ыдысты қолданған жөн.
2. Жеміс- жидек және көкөністерді таза сумен мұқият жуып жеу қажет.
3.Тамақ ішер алдында  және дәретханаға барғаннан кейін қолды сабынмен жуу қажет.
Жалпы, біз жеке бас гигиенасын сақтау, спортпен шұғылдану, толық құнарлы тамақтану, уақытында демалу арқылы өз денсаулығымызды нығайта аламыз.  Демек, өз денсаулығымыз өзіміздің қолымызда  екенін ұмытпайық!

 Э.И.Джамалова,

Қаратау ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас маманы.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.