Қазақстан үшінші орында
Үндістанның Бхубанешвар қаласында өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрт күнге созылған құрлық біріншілігінде Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Qazaqjoly.kz сайты Baq.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Жарыстың соңғы күнінде спринтерлер үшін бәсеке сәтті болды. Әйелдер арасында 200 метрге жүгірген Виктория Зябкина биылғы маусымдағы Азиядағы үздік нәтижелердің бірін көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 23.10 секунд. Осылайша, Виктория Зябкина 2017 жылғы Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін жекелей сында 100 метрге жүгіруден жеңіске жеткен болатын. Сондай-ақ әріптестері Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Ольга Сафроновамен бірге 4×100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан екінші алтынды иеленді.
Айта кетейік, 8 шілде күні қазақстандық жеңіл атлеттер 100 метрге командалық эстафетаға жүгіруде сары құрлықта өздеріне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеген болатын. Қазақстан құрамасының уақыт көрсеткіші – 43.53 секунд.
Төртінші алтынды үш қарғып секіруден Мария Овчинникова еншіледі. Ол Азия чемпионатын 13.72 метрмен қорытындылады. 18 жастағы атлет сонымен қатар 4-13 тамыз аралығында Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Мариядан бөлек, дәл осы сайыстан тағы бір қазақстандық спортшы Ирина Эктова күміс медаль жеңіп алды. Ол өз кезегінде 13.62 метрге секірді.
Осылайша, Бхубанешвардағы Азия чемпионатынан Қазақстан құрамасына 8 медаль бұйырды. Оның төртеуі алтын, екеуі күміс, екеуі қола. Сөйтіп, жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты.
Дерексөздер http://Baq.kz сайтынан алынды.