Шымкенттік «шоңдардың» бүйрегіне біз тыққандай болған Дима…?

Шымкент қалалық жергілікті полиция басшысы, подполковник  Данияр Мейірханды шымкенттіктер турашылдық жолындағы  батылдығы, адам құқығы  мен заңды құрметтеудегі  ұстанымы үшін ерекше сыйлағандықтан «біздің Дима, ол халықтың Димасы» деп жүретіндігі баршаға аян.

Шымкентте лауазымды шенеуніктердің, оқалы шенді-шекпенділердің, «депутат-сымақтардың», танымал бай манаптардың отбасыларының «бетінен жел еспейтін»  норма қатаң сақталынуы керек. Солай болып та келеді. Ал заңдылық сақтаймыз деп, оны бұзғысы келетін адал ниетті жан табыла қалса, оның күні қараң дей беріңіз.

Дима да қызметін бастай сала-ақ, осы «дәулердің»қорасына кіріп кетті.Қала әкімдігінің  ғимараты орналасқан Тәуке хан даңғылы бойына заңбұзушылық жасаумен қойылған қала депутатының жеке меншік машинасын жол полициясы «айып тұрағына» алып кетеді. Ал, «дәулердің»талағы тарс кетсін.

Д.Мейірхан басшылық қызметі барысында заңдылықтың сақталынуын «шенді мен байға мынандай», ал «қарапайым халыққа анандай» деп бөлген жоқ.Жол ережесіне пысқырмайтын да, түн болса Қонаев даңғылы, Арғынбеков көшесі, Астана даңғылы бойында шала мас болып  білгенін істейтін «дәулердің»  еркетотайларын сабасына келтірді. Сол кездерде қаладағы «айып автотұрағына» кемі 100мың доллар тұратын қаншама автокөлік тоғытылып жатты. Бұл Шымкенттің тарихында болмаған жағдай еді. «Айып автотұрағындағы» «Тіркеу журналын» көрсең, кейбір машинаның осында әкелінгеніне  сенер-сенбесіңді білмейсің. Шындығында да солай болды. Әкесінің арқасында есірген еркетотайлардың  сабасына түскеніне ел-жұрттың да көзі жете бастады. «Жарайсың, Дима! Заң ханға да, қараға да бір екенін дәлелдедің» деген ризалықты мыңдаған жандар айта бастады.

Бірақ, қалада орнай бастаған бұл тәртіп, қуыс кеуде «дәулердің»  бүйрегіне біз таққандай болып, Д.Мейірханды «тобасына» келтіріп қоюдың кейбір-қайсыбір әңгімесі халықтың да құлағына тимей қалған жоқ. Көпшілік өзінің елжанды перзентінің тілекшісі болумен отырды.

Міне, тағы да Д.Мейірханның заңды тірлігін бұрмалап, өзінің заң бұзушылығын бүркемек болған шендінің тағы бір фактісі республикаға әйгілі шуға айналды.

Бәрі  де «Шымкеншелеуден» шыққан нәрсе. Бағдаршамның қызыл жарығында өткен «Тойота камри» тоқтатылғанда оның рөлінде өзін облыстық прокуратураның қызметкерімін деп таныстырған Нұржан Полатовтың мас күйіде отырғанын өз көзімен көрген подполковник  Д.Мейірхан  бәріне заңды құжат жасауды тапсырады. Құжат қаладағы әкімшілік  соттың қарауына түскен кезде, Н.Полатов  сот ұйғарымын алмай жатып, полиция жасаған құжаттар заңсыз деген талап арыз түсіріп, оны осы соттың судьясы Н.Алиев қарап, Н.Полатовты «сүттен ақ, судан таза» етіп шығара салады. Н.Полатовтың мас күйінде рөлде отырғанын ұялы телефонға өзі түсіріп алған Д.Мейірханның дәлелдері де, «Н.Полатовтың мас екендігі суретте  байқалмайды» деген ертегімен ақталынады.

Н.Алиевтей шымкенттік судьяның «білгіштігімен» әлемді таңқалдырған шығар, әсте.Судьяға Н.Полатов: «документімді алып көрсету үшін рөлге отырдым» депті-міс. Құжат Н.Полатовтың қалтасында, болмаса алдындағы  «затсалғышта» болмай ма? Әлде ол құжатын машинаның рөлінде, «скотчпен» жапыстырып қоятын адам болғаны ма? Нағыз ертегі.

Шаңқай түсте шындықты  табаға  салып шыжғырудың сорақылығына  прокуратураның да араласуына тура келеді. Тіпті, Шымкентте болған осы бір сорақы тірлікке ҚР Жоғары сотының төрағасы Қ.Мәмидің де араласуына тура келіп, қатқылдау талап қойғанынан кейін барып, әкімшілік соттың «көріпкел» судьяларының қателіктері түзетілді.

Ал, Диманың «асаулығына» жұдырығын түйіп жүргендер, «моментті» жібермей қалуға тырысып, оның қызметтік мәселесін шешіп қалуға тұра ұмтылғанымен, қазірше ол да орта жолда тұрған сияқты.

Қысқасы,қалай айтсақ та, Дима Шымкенттің қарапайым халқымен бірге болып тұр.Ал, ел заңнамалары талаптарын мойындағысы келмейтін «дәулер» болса, қажырлы да,қайсар подполковникке «тістенуін» қоятын түрі жоқ сияқты.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.