Сіз білесіз бе?
Крахмалдың пайдасы көп
* Крахмал күміс қасықтар мен шанышқыларды тез тазартып, жылтыратады. Ол үшін 2 шай қасық крахмал салыгған суға күміс ыдыстарды біраз уақыт салып қою керек. Сосын әдеттегі жуу құралымен жуып аласыз.
* Терезеңіз жылтырап тұрсын десеңіз, суға азырақ крахмал салып, әйнекті осы сумен сүртіңіз. Ешқандай ізі қалмайды.
* Кілемдегі майды да крахмал жақсы сіңіреді. Ол үшін жай ғана майлы даққа крахмал ұнтағын сеуіп, 10 минуттан соң шаңсорғышпен тазартып алса болғаны.
* Крахмал ұнтағын азырақ сумен араластырып, быламық жасап, күйген жерге жақса, зақымданған теріні тез жазады.
* Киімнің қатпарлары тіп-тік болып қақиып тұруы үшін бір стақан суға 1 ас қасық крахмал салып, киімді осы суға батырылған дәкемен үтіктеу керек.
* Крахмал аяқкиімдегі жағымсыз иісті де кетіреді. Ол үшін аяқкиімнің ішіне азырақ крахмал ұнтағын сеуіп, бірнеше сағатқа қойып қойсаңыз, иістің бәрі ізім-ғайым жоғалады. Айтпақшы, осы әдіспен балалар кіштетіп қойған кілемдегі иісті де кетіруге болады.
* Тым тершең болсаңыз, қолтықты жақсылап жуып, құрғатып, соңынан азырақ крахмал сеуіп қойыңыз. Ол теріңіздің ұзақ уақыт құрғақтығын сақтауға көмектеседі. Егер крахмалға хошиісті эфир майын қосып қойса, керемет дезодорантыңыз дайын!