ТҮРКІСТАН: АРЫСТА ИНВЕСТОР ЕСЕБІНЕН МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Арыс қаласының іргесіндегі Онтам елді мекеніне жеке кәсіпкер 150 орындық мектеп салып беретін болды. Мектеп іргетасын қалау рәсіміне Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және ауыл ақсақалдары қатысты.
Құрылыс нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру аясында қолға алынып отыр.
«Президентіміз күні кеше ғана халыққа арнаған Жолдауында «мектептерді бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартқан жөн» деп атап өткен болатын. Мінекей, біз бүгін Онтам ауылында ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мектеп мәселесін түпкілікті шешуге бірқадам жақындай түстік. Жеке кәсіпкер Клара Нұрманованың өз қаражаты есебінен 150 орындық мектеп салып беру бастамасын қолдап, қуаттап, әкімшілік тарапынан жер мен өзге де құжаттандыру мәселесіне қатысты түйіндерді жедел шештік. Ел игілігі жолында осылайша ынтымақтаса еңбек етсек ісіміз ілгерілейтіні сөзсіз», – деді қала әкімі.
2,5 гектар шамасындағы аумақты алып жатқан мектеп маңында спорт алаңы да салынады. Жергілікті 50 азаматты жұмыспен қамтитын құрылыс нысаны 2023 жылы аяқтау жоспарланған. Десек те, мердігер компания нысанды алдағы оқу жылында толық бітіріп, пайдалануға беруді көздеп отыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Онтам ауылында «Ынтымақ» атындағы шағын жинақты бастауыш мектеп қана бар. Ол жерде 1-4 сынып аралығындағы 50 бала білім алады. Ал 5-11 сынып аралығындағы 42 бала Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепке тасымалданады.
Жалпы алғанда ауыл тұрғындарының саны 500-ге жуық болса, оның 105-і мектеп жасындағы балалар.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.