Іскерлігіңізді арттыратын 7 әдет
1. Өзіңіз белгілеген уақытта ояныңыз
Сағаттың оятқышын қою – бұл істің жартысы ғана. Оятқышты қою мен дәл сол уақытта тұрудың басты мақсаты – сол күнгі бірінші уәдені орындау. Яғни, кешке ұйықтар алдында оятқышты қойған сәтте сіз ертең белгіленген уақытта тұрамын деп өзіңізге уәде бересіз. Ал егер сіз оятқышты өшіріп, әрі қарай ұйқыңызды жалғастыра берер болсаңыз, күніңіз дұрыс басталмайды. Өйткені, сіз уәдеңізді орындамадыңыз. Егер өзіңізге берген уәдені орындай алмасаңыз, өмірде де бірдеңеге қол жеткізе қоюыңыз екіталай. Өмірде ұсақ-түйек деген болмайды, бәрі болмашыдан басталады, осы есіңізде болсын.
2.Күн сайын 10 идея жазып отырыңыз
Үлкен табысқа жеткізетін ұлы идеяларды ойлап табу үшін алдымен жаттығу керек. Күн сайын іске асыруға жарамды идеяларды қойындәптеріңізге жазып отырсаңыз, оны қалай іске асыруға болатыны туралы ойлар да өз-өзінен келе бастайды. Ең кемі екі күн осылай жасап жүрсеңіз, бұған өзіңіздің де көзіңіз жете бастайды. Сонда өмірде мүмкіндіктердің қаншалықты көп екендігін көріп, таң қалатын боласыз.
3. Таңғы, түскі және кешкі асқа көңіл бөліңіз
Уақтылы және дұрыс тамақтануға уақыт бөлу өте маңызды, өйткені денсаулық әрдайым бірінші орында. Егер қалай болса солай, жүрдім-бардым тамақтанар болсаңыз, күндердің күні бар күшіңізді денсаулығыңызды қалпына келтіруге жұмсауыңызға тура келеді. Бұл сіз ойлағаннан да қиын болуы мүмкін. Одан да аурудың алдын алған әлдеқайда оңай, солай емес пе?
Егер уақытыңыз тым тығыз болса, іскерлік кездесулерді түскі не кешкі асқа орайластыра өткізіп, мәселелеріңізді тамақтана отырып шешіңіз. Отбасыңызға не сүйіктіңізге көңіл бөле алмай жүрсеңіз, әдемі жерде бірге тамақтануға шақырыңыз. Бұған көп уақыт кетпейді, есесіне жақындарыңыздың сізге деген құрметі артады, өзіңіз де рухани және тән саулығыңызды сақтайсыз.
4.Күніне 30 минуттан оқыңыз
Күніне 20-30 минуттан оқысаңыз, екі аптада бір кітапты оқып тауысуыңызға болады. Бұл – айына екі кітап, немесе бір жылда 24 кітап деген сөз. Егер жылына 24 кітап оқып тауыссаңыз, өзіңіздің қаншалықты ақылды болуыңыз мүмкін екендігін елестетіп көріңізші.
Жарты сағат – онша көп емес. Сіз жұмысқа кетіп бара жатып автобуста немесе әлдебір кезекте отырып та оқи аласыз. Немесе күніне 2-3 рет, 10-20 минуттан оқысаңыз да болады. Бірақ, миыңыз тұрақты жұмыс істеп, жаңа білімдермен сусындап отыруы үшін күніне міндетті түрде жарты сағат оқу қажет. Бұдан бөлек, егер сіздің бір жұмысыңыз жүрмей жатса, мен сізден: «Қазір сіз не оқып жатырсыз?» деп сұрар едім. Өйткені, оқымаған, ізденбеген адам ғана тығырықтан шыға алмайды.
Әрдайым жаңа бірнәрсені үйренуге тырысыңыз. Ал ол үшін оқуға уақыт табыңыз.
5.Денеңізді бақылауда ұстаңыз
Тән саулығынсыз ақылыңыз айқын, ой-санаңыз ашық болмайды. Егер жұмыста 8-9 сағат монитордың алдында отыруға тура келсе, сізге міндетті түрде күніне жарты сағат денеңізді қалпына келтіру жаттығуларын жасау керек. Бұл йога, жаттығу залына бару, бокс, жүгіру, далада ұзақ жаяу серуендеу бола ма, бәрібір, әйтеуір қозғалыңыз, отырмаңыз. Әбден тығырыққа тірелгенде аурудан құтылудың жолын таба алмай қиналғаннан гөрі, ағзаңызға қамқорлық көрсетуге күніне жарты сағат бөлу түкке де тұрмайды.
Ал сізге нақты дәлелдер керек болса… Лейден университетінің когнитивті психологы Лоренцо Колзато жүргізген зерттеулердің нәтижесі дене шынықтырумен айналысатын адамдардың көп қозғалмайтын адамдардан әлдеқайда өнімді жұмыс істейтінін көрсеткен.
6.15 минут өзіңізбен оңаша қалыңыз
Мұны медитация, бір орында үнсіз отыру немесе күнделік жүргізу дейсіз бе – қалауыңыз білсін. Ең бастысы, сізге ойыңызды жинақтау үшін біраз уақыт оңаша қалу керек. Қазіргі заманағы ең табысты адамдардың көпшілігі медитациямен айналысады.Мұны күнделікті әдетке айналдырсаңыз, өміріңіздің қаншалықты өзгеретінін тіпті елестете де алмайсыз. Бұл өзгеріс ең алдымен сіздің ішкі дүниеңізден басталады.
Оңаша қалу сізге өзіңізді не алаңдатып жүргенін, не ұнайтынын, неге назару аудару керектігін іштей сезініп, түйсінуге көмектеседі. Осылайша сіз бұдан әрі не істеу керектігін айқын ұғынатын боласыз. Бұл болашақты айқын көру сияқты нәрсе. Өйткені, оңаша қалып, бар дүниеден өзін азат сезінген сәтте адамның көкірек көзі ашыла бастайды.
Өзіңізге құлақ түріңіз. Дұрыс шешім табу үшін күніне 15 минут уақыт бөлу соншалықты қиын емес, солай емес пе?
7.Әр күніңізді таразылаңыз
Күн сайын кешке ұйықтар алдында бүгінгі өткен күніңізді ойша елеп-екшеңіз. Ерінбесеңіз, қойындәптеріңізге алдымен өзіңіздің көңіліңіз толған нәрселерді, сосын ертең істегіңіз келетін шаруаларды жазыңыз.
Бұл жұмыстың тиімділігі сонша, ол тіпті сізді өз-өзіңізге адал болуды үйретеді. Осы арқылы сіз өз жетістіктеріңіз үшін өзіңізді мадақтап, үнемі алға жылжуға өзіңізді жігерлендіріп отыруға және жаңа мүмкіндіктерді іздеп табуға көмектеседі. Мұнсыз сізге бұдан әрі не істеу керегін, қалай істеу керегін болжап-жоспарлау қиын болады. Бұл істі орындау үшін сізге керегі –ұйықтар алдындағы бар-жоғы бес минут қана.