Рыпакова әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді

Үш қарғып секіруден әйелдер арасындағы финалдық бәсеке Астана уақытымен түн қараңғысында өтті. Жүлдеден үмітті үш қыздың ішінен ең әуелі Ольга Рыпакова шығып, өз бағын сынады. Ол бірінші мүмкіндігінде 14,45 метрге секіріп, бірден көш бастады. Іле-шала Венесуэла аруы Юлимар Рохас пен Колумбияның мақтанышы Катрин Ибаргуэн сынға түсті.Olga+Rypakova+16th+World+Championships_08_08_17

Юлимар Рохас 14,55 метрді еңсерсе, Катрин Ибаргуэн одан да асып түсіп, 14,67 метрге секірді. Басқа қыздар үшеуіне ілесе алмай қалды. Өкінішке қарай, Ольга екінші мүмкіндігінде қарғу сызығын басып кетті. Әрине, оның бұл мүмкіндігі есепке алынбайды.

Ал Юлимар 14,82 метрге секіріп, Катрин 14,69 метрді еңсерді. Ольга үшінші мүмкіндігінде 14,77 метрге қарғып, екінші орынға шыққан. Бірақ ұзақ тұрмады. Ізінше Рохас өз көрсеткішін бір сантиметрге арттырып, Ибаргуэн 14,89 метрді еңсерді де, қайтадан бірінші орынға көтерілді.

Бұдан кейін Ольга 14,32 метрге, бесінші мүмкіндігінде 14,52 метрге, ал соңғысында 14,36 метрге секіріп, әлем чемпионатын үшінші орынмен аяқтады. Ал Юлимар мен Катрин саф алтынға таласып, бәсеке көрігін мейілінше қыздыра түсті.

 

Айта кетейік, бұл Ольга Рыпакованың үшінші рет әлем чемпионатынан алған жүлдесі. 2011 Тэгуде күміс, ал 2015 Бейжіңде қола жүлдегер атанған қызымыз 2017 жылы Лондонда да үшінші орынға ие болды. Бұл – үлкен жетістік!  Әрі 14,77 метр – оның биылғы ең үздік көрсеткіші.

stan.kz

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.