ТҮРКІСТАН ТУРИЗМІ – ТАБЫС КӨЗІ

Туризм – табысты мемлекеттің  басты кіріс көздерінің бірі. Олай болса,  шетелдік саяхатшыларды  тарихының тереңдігімен өзіне тартатын  еліміздегі қасиетті орындар мен киелі жерлердің  насихатын да барынша күшейтіп, бұл саланың  ел экономикасын дамытатын  басты салаға айналдыру маңызды. Бұл бағытта атқарылып жатқан ілкімді істер де баршылық. Қазіргі таңда Түркістанды туризм орталығы ету бастамасы кең қолдау тауып, мемлекет тарапынан  тұрақты қаржылай көмек те үзілген емес.

Өңір басшылығы да бұл өзекті мәселеге байыппен қарап, туризмді Түркістанды түлетудің басты тетігі санап отыр. Айталық,  келер  жылы «Түркістан-Шымкент-Ташкент» бағытында жоғары жылдамдықты пойызға арналған халықаралық темір жолдың құрылысы басталатын болды. Бұл жайында таяуда өңір басшысы  Өмірзақ Шөкеев мәлімдеп, аталған жобаның Түркістан өлкесінде туризмді дамытуға айтарлықтай септесетінін де нық сеніммен  айтып,  бауырлас елмен етене қарым-қатынасты жандандыра түсетін құрылыстың тиімді тұстарына да егжей-тегжейлі тоқталып өтті.  Облыс әкімдігінің аппарат отырысында өңір басшысы темір жолдың салынуы Түркістан өңірінің ғана емес, еліміздің дамуына  да оң серпін беретінін сүйіншілей жеткізіп:

– Апта басында Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев кездесіп, мемлекетаралық келісімдерге қол қойды. Сол жиындарға қатыстық. Жағымды жаңалықтар бар. Соның ішінде Түркістан облысын дамыту үшін аса маңызды «Түркістан-Шымкент-Ташкент» темір жолын салынатыны хабарланды. Екі Президент жобаны мақұлдап, Үкімет басшыларына аталған жобаны жүзеге асыру жөнінде тапсырма берді. Ол магистральдың жобалық-сметалық құжаты дайын.

«Қазақстан темір жолы» компаниясы басшылығының хабарлауынша, құрылыс 2022 жылдың басында басталады. Бұл темір жолдың маңызы өте зор. Біріншіден, өңірде туризм дамиды. Темір жол Түркістаннан басталып, Шымкент қаласымен қатар Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарын қамтитын болады. Тағы бір қуанышты жаңалық, Нұр-Сұлтанда инвестициялық форум өтті. Сол жерде «Қасқасу» шаңғы туризм орталығын салу бойынша Жол картасына жеті жақты келісімшартқа қол қойылды. Оның ішінде Үкімет, министрліктер, шетелдік инвестор, банктер, әкімшілік бар. Бұл туристік орталық Түркістан өңірінің экономикасын көтеруге үлес қосады, -деген болатын.

Сонымен бірге облыс әкімі  «Дарбаза-Мақтаарал-Жизақ» темір жолының  да құрылысы басталатынын, ол екі елдің тауар айналымының өсіп,  сауда-экономикалық қарым-қатынастардың да  өркендей түсетінін  баса айтты. Жалпы  аймақ басшысының айтуынша, Түркістан облысының Өзбекстанмен шекаралас аумағында екі мемлекеттің қатысуымен «Орталық Азия» халықаралық сауда-өнеркәсіп кешенін салу да жоспарланып қойыпты. Түйіндей айтқанда,  бұл үш жоба да Түркістан облысы үшін өте тиімді.

«Түркістан-Шымкент-Ташкент» жобасы жүзеге асып, жоғары жылдамдықты темір жол магистралінің құрылысы аяқталған соң туризм және өзге де салаларда мыңдаған жұмыс орыны құрылып, ішкі және сыртқы туризм де қатар дамып,  туристік  өңірдің   табысты кезеңі басталатынына да еш күмән жоқ.

Ақиқатында  рухани астанамызға облыс орталығы  статусы берілгелі бері қалада құрылыс қарқыны  бұрын-соңды болмаған  деңгейге көтеріліп,  туризмнің тәп-тәуір табыс әкелетінін жергілікті  тұрғындар да біліп қалды. Түркі жұртының бас қаласында   туристерді өзіне тартатын тамаша нысандар да бірінен соң бірі қолданысқа беріліп жатыр.  2021 жылы  «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ қаржыландырған «Керуен-Сарай» көпфункционалды жаңа туристік кешені де солардың ішіндегі ең елеулісі саналады. Жобаның жалпы құны  87 млрд. теңгені құрайды.

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында жүзеге асырылған мұндай ауқымды жобалар  аз емес.  Бұл игілікті істің бәрі де ішкі және сыртқы туризмді дамыту бойынша  өңірдің  әлеуеті зор екендігін ескергендіктен  жүзеге асып отыр. Өйткені  бай табиғи  мұрасы бар қазыналы  Оңтүстікте  әулиелі орындар, тарихи ескерткіштер,  көне қала орындары  өте көп. Бір ғана  Түркістан қаласының өзі  Ұлы Жібек жолының дәл ортасында орналасқан және бай тарихы мен түркі әлемінің рухани астанасы деңгейіне дейін көтерілген көне шаһар ретінде  әлем туристерінің назарын өзіне аударып отыр.

Ал жоғарыда айтылған  «Керуен-Сарай» туристік кешеніне келер болсақ,  мұнда  тұңғыш рет аяқ басқан туристер  түркінің киелі мекенінің  бай  тарихымен танысып қана қоймайды, ұлт  мәдениетінен де хабардар болып, тарихи тұлғаларымызды да тереңірек тани түсіп,  ұлттық спортымыздың  шет жұртта ұлықталуына септігін тигізетін болады.  Яғни  өңірдегі ең ауқымды бұл жобаның  саяхаттап келушілерге де,  рухани қазынамызды  қадір тұтатын өскелең ұрпаққа да берері көп.

Жалпы осынау  көпфункционалды туристік кешен115 нөмірге лайықталған  премиум класты екі қонақ үйден, жылына 300 мың адам жүрерлік сауда және отбасылық-ойын-сауық орталықтарынан, сондай-ақ панорамалық аттракциондардан, spa-орталықтардан, кинотеатр және фуд-корттан тұрады. Демек ел ең көп келетін орын ретінде қазірдің өзінде  жұртқа мәлім болып отырған кешеннің кеткен қаражатты  еселеп қайтаратын,  облыс қазынасына мол  капитал құятын қуатты туристік кешенге айналып келе жатқанын  көріп отырғандықтан, өңірдегі  туризмге деген дұрыс саясат өз жемісін беріп жатыр деп біз де нық сеніммен айта аламыз.

Кешегі күнге көз жүгіртіп,   тарихқа кішкене шегініс жасайтын болсақ, 2018 жылы Түркістан қаласы  облыс орталығы мәртебесін алды. Баршамызға белгілі, осы айналасы үш жылдың ішінде  кешегі қала бүгін  басы- бүтін өзгеріп,   өңірдің қарқынды дамуына ықпал ететін басты орталық  саналып,  құрылыс жұмыстары  қыза түсуде.  Халық саны да еселеп артып,  қаланы дамытуға Үкіметіміз  2024 жылға дейін 1 трлн. теңгеден астам инвестиция салынатынын мәлімдеп қойды.

Тіпті туризмнің кең қанат жаюына септесетін  сандаған жаңа нысандарды былай қойғанда,  осы сала мамандарымен қамтмасыз ету үшін   ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жанынан Халықаралық туризм және меймандостық университеті  ашылып,  бүгінгі таңда студент жастар білім алып жатыр. Шындығында Елбасының бастамасымен бой көтерген жаңа жоғары оқу орнының болашағы жарқын болатынына да шек келтіре алмайсыз.

Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі  бұл тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындап,  туристік бизнестің басты тірегіне айналып,  4 жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектерге  халықаралық үлгідегі екі диплом беріп, олардың   еш кедергісіз жұмыс істеуіне қолайлы жағдай тудырып жатса  құба-құп емес пе?!

Ақиқатында кейінгі жылдарда   Түркістан облысының  туризм саласына құйылған инвестиция көлемі аса ауқымды. 2019 жылға дейін осы мақсатта  жұмсалған қаржы  бар болғаны  8 миллиард теңгеден аспаса,  былтыр бұл сома  125,3 миллиардқа бір-ақ көтерілген.  Биылғы жылы  мұнан да жоғары болатыны айқын. Тарқатыңқырай айтсақ,  осы жылдың қаңтар-қыркүйегі аралығында Түркістан облысында бұл салаға құйылған инвестиция көлемі 80,8 миллиард теңгеге жетіпті.

Облыста Түркістан облысының туризмін дамытудың тұжырымдамасы және Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылдануының  нәтижесінде  саладағы сең бұзылып,  туризм сапасы да жақсарып келе жатқанын айтуымыз керек.

Расында  Тұңғыш Прези-дентіміз Н.Назарбаев Түркістанды түлету идеясын талай жыл бұрын  айтып,  ел туризмінің еңсесі тіктелетін күн туатынын  өңір жұртына жеткізген  болатын. Демек Түркістанды төрткүл дүниеге танытуға зор үлес қосқан  Елбасы  еңбегін насихаттау рухани астанада да жиі  қолға алынса   қуана құптау керек.

Осындай тағылымды шараның бірі таяуда қаладағы  «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде өтті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қазандық бөлмесінде  ашылған  «Елбасы өнегесі»  көрмесіне келушілердің қарасы да көп болды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған көрменің маңызды-лығына тоқталған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков те аталған іс-шарада Елбасы еңбегіне ерекше баға беріп:

– Киелі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі түркі халықтарының, оның ішінде исі қазақтың айрықша құрмет етіп, тәбәрік тұтар мекені. Ұлы ұстаздың рухани ілімі бағзы заманнан бері шынайы еркіндікке, тәуелсіздікке жеткізетін жол ретінде танылған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деп өткен кешегі қазақтың  хан-сұлтандары ел басқару ісінде  Ясауи қағидаларын негізге алған.  Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Түркістан мен оның ұлы ғимаратын бүгінгі ұрпақ қазақ мемлекеттілігі тағдырмен тығыз бірлікте қарастырады. Ұлттық бостандығымыз бен іргелі елдігіміздің ақ ордасы, асыл көзі деп ардақ тұтады» деп киелі мекеннің  дәрежесін одан әрі айқындай түсті.

Осы алтын сабақтастықтың бүгінгі дейін үзілмей жеткендігін Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен тарихымызға, рухани мұрамызға деген ізгі ниетімен байланыстыруға болады. Бабалар дәстүріне айнымас адалдықтың үлгісін көрсетіп келе жатқан Елбасымыз Әзірет Сұлтан кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енуіне тікелей мұрындық болды», -деді.

Көрмеге арнайы шақырылған   зиялы қауым өкілдері, тарих-шылар Елбасының Түркістан қаласын дамыту, тарихи-мәдени мұраларды жаңғырту, өңір туризмін өркендетуде  зор еңбек сіңіргенін әсерлі  әңгімелеп,  мұражай қызметкерлеріне алғыс білдірді.   Көрме экспозициясына қорық-музей қорындағы 50-ден аса жәдігер қойылыпты.  Бір елең еткізерлігі,  шетелдік   қонақтар мен қала тұрғындары «Елбасы өнегесі» көрмесін бір ай бойы тамашалау  мүмкіндігіне ие болып отыр.

Жалпы  біздің облыс  туристік орындарға бай өлке. Бір ғана Төле би ауданындағы «Қасқасу тау-шаңғы» курорттық базасының да даңқы бүгінде шартарапқа тарап жатыр. Мердігер мекеме  бұл нысанда тиісті құрылыс жұмыстарын жандандырып,  280 гектарды қамтитын шаңғы базасының курорттық кешені салынбақ. Жоғары кернеулі электр бағаналары орнатылып, кәріз жүйесі тартылып, инфрақұрылым жұмыстары жүріп  жатқан аймақта таяу болашақта  қалдықты қайта өңдейтін кешен де бой көтермек. Бүгінде курорттық базаға апарар жол тегістеліп, тас төселіп, жалпы құны  21 миллиардқа жуықтайтын жоба  жұмысы жалғасу үстінде. Шаңғы трассалардың ұзындығы 27 шақырымды құрамақ. Бір күнде 4 мыңға жуық туристті қабылдауға қауқарлы кешеннің  келушілері де көп болатыны күмән тудырмайды. Аспалы арқан жолы, заманауи қондырғылар, ерекше   қонақ үй, тамақтану орындары  шаңғы спортымен кәсіби түрде  айналысатындардың  басын қосатын  бірегей базаға айналмақ.

Расында өңір туризмін дамытуда көршіліс елдермен  рухани байланысты нығайту да маңызды.  Жуырда Өзбекстан Республикасынан келген арнайы делегация Түркістан қаласына арнайы соғып, тарихи киелі орындар мен мәдени нысандарды  тамашалады.  Алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бабалар рухына құран бағыштап, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейіне қарасты тарихи ескерткіштерді  асықпай аралаған меймандар меймандос қала тұрғындарына ризалығын жеткізіп,  туризмді  көтеруде қос елдің бірлесе қимылдағаны жемісті болатынын жеткізді. Яғни тұтас түркінің  киелі бесігі саналатын  көне шаһарда туризмді түлету  кемел келешегіміздің іргесін қалап,  жарқын болашаққа жол сілтейтіні белгілі. Демек Түркістанның келешегі туризмде екенін  баршамыз да мейлінше ұғынып, ұрпақ қамы үшін қимылдар болсақ, қыр асатынымыз анық.

 

Б.КЕМЕЛ.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.