Үш тілді бірден оқытқанда баланың ана тілі болмайды
Рәбиға СЫЗДЫҚОВА:
Бала бастауыш мектепте қазақ тілі бойынша сауатты жазып, әбден дағдыланған соң ғана шет тілдерді үйретуге болады. Мектеп табалдырығын аттаған бала ана тілінде ғана сөйлеуі керек. Бала бастауышта орыс тілінде де емес, ағылшын тілінде де емес, тек қана ана тілінде оқуы керек. Үш тілді бірден оқытқанда баланың ана тілі болмайды. Ана тілі болмаған адамнан ешқандай ақын да, жазушы да, суретші де шықпайды. Ғалым шығар, маман шығар, тіпті атақты адам да шығар. Бірақ онда ешқандай мәдени азық болмайды. Ағылшын тілінде тамаша жазсын, орыс тілінде өлең шығарсын, бірақ ол – ана тілі емес. Сондықтан Үкімет, басшылар, оқу-ағарту саласындағылар қазақ мектебін қолға алып, қамқорлық көрсетуі керек. Қазақ мектебін көбейту керек. Айналасын ана тілінде танып, әр заттың қазақша атауын білген соң ғана оның орысшасын, ағылшыншасын үйренуі оңай. Қазақ халқының сақталуы тілінің сақталуына байланысты.
«Егемен Қазақстан»